RU
Толық нұсқаға өту

Көктемгі егіс науқаны: 23,7 млн га алқапқа дән себіледі

13.05.2025, 19:20 551

Ел диқандары көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтауға жақын.

Ырыздығын жерден терген шаруаларға биыл Үкімет жан - жақты қолдау көрсетті. 6 мыңнан астам шаруаға 384 млрд теңгеден артық жеңілдетілген несие беріледі. "Тұқым, тыңайтқыш пен техникада тапшылық жоқ", - дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.  Қырдағы қызу тірлік барысы бүгін Үкіметте пысықталды.

Биыл елде 23,7 млн гектар алқапқа дән себіледі. Бұл жылдағыдан 413 мың гектарға артық. Соның ішінде бидайға бөлінген аумақ  - 13 млн гектар. Үкімет ауылшаруашылығын әртараптандыруға ерекше ден қойып отыр. Нәтижесінде соңғы екі жылда бидай алқабы екі есе қысқарды. Есесіне, азықтық және майлы дақылдар көлемі артып, 3 млн гектардан асты.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Азықтық және майлы дақылдар алқаптары ағымдағы жылы 3,3 млн гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарды құрайды. Бүгінгі таңда ылғал жабу жұмыстары толығымен аяқталды. Егу алдындағы өңдеу және көктемгі жер жырту жұмыстары аяқталу сатысында. Бүгінгі күні республика бойынша жаздық дақылдарды жаппай егу басталып, егіс науқаны барлық өңірлерде жүріп жатыр. Барлығы 3,7 млн га егілді.

Елде 580 мың тонна ерте пісетін көкөніс жиналады

Осылайша қыр басында тірлік қызып жатса, шаруалардың енді бірі алғашқы өнімді шығын шығармай жинап алуға көшті. Мәселен, Түркістан облысында 38 мың тоннадан астам қырыққабат қамбаға түсті. Жоспарға сәйкес, ел бойынша ерте пісетін көкөністің 580 мың тоннасы жиналады. Бұл ішкі нарықты өзімізде өсірілген өніммен қамтуға толық жеткілікті,- дейді сала басшысы. Егіс жұмыстарының ерте қаржыландырылуы да фермерлер үшін тұқым, тыңайтқыш және техникасын алдын ала сайлап алуға мүмкіндік берген.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 480,6 млрд теңге сомасына 7 мың өтінім келіп түсті, оның 384,8 млрд теңгесіне 6,1 мың шаруа қаржыландырылды. Шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация  қатысуда оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінді.

Алыпсатарлар мен қолдан тапшылық жасаушыларға жол жоқ

Егістік көлемінің ұлғаюы - жанар-жағармайға сұранысты арттырды. Есеп бойынша биыл дала жұмыстарына 401 мың тонна дизель керек. Бүгінде дихандарға сұйық отынның литрі 254 теңгеден жеткізіліп жатыр. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Осыған орай Үкімет басшысы жауаптыларға алыпсатарлық пен қолдан тапшылық жасайтындардың дер кезінде жолын кесуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен  материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. 00-28 Белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл бірінші кезекте әкімдіктердің жауапкершілігі. Бүгінгі таңда шамамен 220 мың тонна отын жөнелтілді. Мұны мақсатсыз пайдалану және алыпсатарлықпен өткізу және жасанды тапшылық жасау фактілеріне мүлде жол беруге болмайды. Отынның барлық мөлшерлері фермерлерге бекітілген кесте бойынша жеткізіліп берілуі тиіс.

Егіннің жауы – шегірткелермен күрес жалғасады. Биыл оған қазынадан 7,1 млрд теңге қаржы  қарастырылды.

Зиянкестер оңтүстік өңірлерде ерте оянды. Әсіресе Жамбыл, Түркістан өңіріндегі ахуал алаңдатып отыр. Премьер-министр барынша сақтық танытып, аталған аймақтардағы жағдайды жауаптыларға қатаң бақылауды тапсырды.

Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz