Астанада мектеп оқушылары арасындағы театр қойылымдары байқауының ақтық кезеңі өтті.
«Заң мен бала: қатесіз болашақ» атты өнер сайысына аудандық кезеңдерден іріктелген 6 мектептен келген топтар қатысты. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған додаға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Астана қаласының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, қалалық прокуратура, білім министрлігінің өкілдері баға берді.
«Заң мен бала: қатесіз болашақ» атты қойылымдар байқауының ақтық сыны Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік театрда өтті. Мақсат – оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, адами құндылықтарды дәріптеу, заң бұзушылықтарының алдын алу. Ақтық кезеңге Астанадағы әр ауданнан 6 команда іріктелген. Мәселен, Сарыарқа ауданынан №58 мектеп-гимназиясының оқушылары қойылым ұсыныпты.
Жанерке Қуандықова, №58 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Бұл жоба жалпы баланың өз болашағына балта шаппауы жайлы. Себебі енді біз бала болғандықтан көптеген қателіктер жасауымыз мүмкін. Және бұл біздің болашығымызға кері әсерін тигізеді. Ал бұл жоба арқылы балаларды бұл қателіктерді жасамауға шақырамыз.
Рас, ойыннан от шықса, балаларымен қоса ата-ана да опық жейді. «Сондықтан жеткіншектердің заң, әділдік және азаматтық жауапкершілікті осы кезден санаға сіңіргені маңызды», дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, байқауға Астана қаласының прокуратурасы мен қалалық әкімдік ұйытқы болды.
Серік Әділбаев, Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Театралды қойылым арқылы балалардың арасында, оқушылардың арасында заң бұзушылықтың профилактикасын жүргізу біздің басты мақсатымыз. Бұл жерде орынсыз команда қалмайды. Әрқайсысының өзінің жүлдесі болады.
Жалпы өнер сайысы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Байқауға қатысушылар «Үздік актер», «Үздік актриса», «Тақырыпқа ерекше көзқарас», «Үздік сценарий», «Үздік видео», «Екінші фондағы үздік рөл» аталымдары бойынша марапатталды. Әлеуметтік бейнероликтер жасауға қатысқан мектептер де тиісті марапатқа ие боолды. Жүлдегерлерге дипломдар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бақыт Топтаева
Тегтер #заң #бала #қойылым #24KZ #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz