Қоғамды толғандырған өзекті мәселенің бірі – той әдебі. Тойдағы бейәдеп қылықтар ғаламтор бетінде өріп жүр. Әлгі бейнероликтер миллиондаған қаралым жинап, астына мыңдаған пікірлер жазылған, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жерде тойды тізгіндеген асабаға да, қуанышқа жиналған қауымға да айтылған сын көп. Жерден алып, жерге салып жатады. Той қандай болуы керек? Осы орайда қарағандылық бастамашыл топ той әдебі ережесін бекітуді жоспарлап отыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Той әдебіне қоғам тарапынан сын көп. Әсіресе, асабалардың айтқан әзілі, ойнатқан ойыны тойшыл қауымның көңілінен шықпай жатады. Дегенмен, елдің батасын алып, ыстық ықыласына ие болып жүрген асабалар да бар. Солардың бірі – Айтуған Рсалдин 20 жылға жуық той басқарып келеді. Той тәрбие құралы деп білетін асаба әр тойға тыңғылықты дайындықпен барады.
Айтуған Рсалдин, асаба:
- Енді қарапайым есепке салатын болсақ, жақсы деген асабада кемінде айына 10 той болады. Оның бір тойында кемінде 200 адам болады. Сонда 200-ді 10-ға көбейткенде 2000 адам ғой. Былайша айтқанда, бір айда алдынан 2 мың адам өтеді. Ал енді жаңағыдай тойға келіп алып, баяғыда теледидар көргенде жаман жеріне келгенде көзімізді жұматын едік қой мысалы. Тура сол сияқты тойдың үстінде отырып, әкесі қызынан ұялып, көзін басатындай, атасы әжесі немерелерінен ұялып, көзін басатындай өте қиын жағдайлар өте көп.
«Қазіргі көп асабада білім жетіспейді», - дейді Айтуған мырза. Кітап бетін ашпай, той басқаруға ұмтылатын жастар көбейген. Яғни, көпшілігі асабалықты оңай ақша табудың төте жолы деп біледі.
Айтуған Рсалдин, асаба:
- Қазіргі таңда: «Мен мүлдем кітап оқымаппын» деп, соны мақтаныш көретін, тіпті ұят дейтін нәрселерді ұялмай айтып отыратын жағдайға жеттік. Өкініштісі сол. Мен керісінше, асабалардың бәрін кітап оқуға шақыратын едім. Ең құрығанда бір 10 кітап оқыған адамның ар жағында мәдениеті оянып, қазаққа деген жанашырлығы пайда болып тұратын еді. Ал қазаққа жанашыр адам, ол ешқашан да тойдың үстінде ерсі қылыққа бармайды. Өйткені ол жерде үш буын өкілі отырады. Ата, бала, немере деген сияқты.
Иә, тойға барып, торығып қайтатындар көп. Жиналған жұртты арзан әзіл, бейәдеп ойынмен күлдіруге тырысатын асабаларға жұрттың көңілі толмайды. Дегенмен, кейбір жастар жеңілтек қылығымен көпті баурауға тырысатын шоумендерге дән разы.
Блиц 1:
- Кейбіреулері жақсы басқарады. Мәні бар әңгімелер айтады. Кейбіреуі не болса соны ойнатып, елдің ығырын шығарып жібереді.
Блиц 2:
- Ұятсыз ойын ойнап кетеді кейде. Дұрыс емес, үлкен кісілерге әртүрлі сұрақтар қойып кетеді. Көпшілік күле салады. Бірақ та күлетін нәрсе емес болады арасында. Болады ондай.
Блиц 3:
- Тепе-теңдік болуы керек қой. Екі жағын да қарастыруы керек қой. Үлкендерге де, тек қана жастар емес қой тойда.
Блиц 4:
- Кешкісін алтыда бастады, түнгі үште бітірді, түнгі үшке дейін созған. Ана жақта бәрін күштілеп ойнатты, неше түрлі ойындар, бәрі күліп. Маған қазіргі кездегі тойлар ұнайды бұрынғы тойларға қарағанда.
Қарағандылық бастамашыл топ той әдебі ережесін енгізуді көздеп отыр. Жаңа ережеде асабадан бастап тойхана иесіне дейін жауапкершілік жүктелмек.
Бекзат Алтынбеков, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
- Кез келген азамат өзінің отбасындағы шараға дұрыс көзқараспен қарауы керек. Себебі тойға шақыратын жүз адамыңыз болсын, екі жүз адамыңыз болсын, ол сіз үшін, сіздің әулетіңіз үшін ең қадірлі, құрметті адамдар. Сол құрметті адамдардың мазаққа айналып кетпеуі үшін, данадан балаға айналып кетпеуі үшін немесе балабақшаның баласы сияқты қуыршаққа айналып кетпеу жолына тікелей жауапты той жасаушы азаматтар өздері екендігін ұмытпауы керек.
«Той әдебін қалыптастыру үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ», - дейді Бекзат Қомарұлы. Ережеде бірнеше бағыт қамтылады. Ал әр тармақ заңмен шегеленеді.
Бекзат Алтынбеков, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
- Жеке басқа тиісу болады, мазақтау да болады, осының бәрін алып тастау үшін біздің Қазақстанның бар заңдарында әрбір тетік бар. Бір әрбір жаңағы этикалық ережені 10 бағыт па, 15 бағыт бола ма, бірақ соның әрбір бағытын Қазақстан Республикасының заңдарына байлап қоятын болсақ, той жүргізуші асабаның да, тойхананы жалға беріп отырған сол азаматтардың да жауапкершілігі бірдей болатындығын көрсетуіміз керек.
Той әдебі мәселесі Бурабайда өткен құрылтайда көтерілген еді. Ережеде осы құрылтайда көзделген мақсаттар қамтылады. Маусым айында Қарағандыда ауқымды форум өтпек. Форумға асабалармен қатар ел ағалары, ақсақалдар шақырылады. Жиында ереже бекітіліп, үндеу жарияланады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Сержан Айтжан, Қанат Махмұтов, Нұрғали Мамырбаев
Тегтер #Қарағанды #ереже #қоғам
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz