RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандылықтар ескі көпірдің техникалық жағдайына алаңдаулы

14.05.2025, 08:43 295

Қарағанды қаласының тұрғындары орталық пен Оңтүстік-Шығыс ауданды жалғайтын көпірдің техникалық жағдайына алаңдаулы, деп хабарлайды 24kz.

Себебі өткелдің кейбір бетон тіреулері үгітіліп, темір арматуралары ашықтан ашық шығып тұр.

«Бұл – оның беріктігіне қауіп төндіретін белгі», - дейді сарапшылар. Күн сайын мыңдаған көлік өтетін бұл жол өткелі қаладағы маңызды қатынас жолдарының бірі саналады.

Ал жергілікті билік болса, көпірдің қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірдің қазіргі сиқы осы. Бетон тіреулері шетінен опырылып, арматурасы ашылып қалған. Жел мен жаңбыр темірді шірітіп жіберуі мүмкін. Өткел өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Ол кезде қазіргідей көп көлік жүрмеді. Ал қазір күн сайын мыңдаған көлік өтеді. «Шамадан тыс салмақтан көпір кез келген уақытта сыр беруі мүмкін», - дейді құрылыс саласының мамандары.

Төлеген Әшімов, Құрылысшылар ассоциациясының президенті, ҚР Құрметті құрылысшысы:

- Бұның барлығына ремонт жасау керек. Анау жердегі ашық тұрған арматура болмайды. Оны жабу керек. Арматураны кемі 5 сантиметр бетон жауып тұру керек. Болмаса, ертең тот басады. Ол сосын ертең мүмкіншілігі әлсірейді. Оның барлығын реттеу керек. Сосын әлгі неше түрлі жаңа технологиялар бар. Бетон деген мынау тірі организм сияқты. Оны құлатып тастап жаңадан салуға болады немесе емдеуге болады.

Биыл Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірге ағымдағы жөндеу жасалады. Оған бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген.

Григорий Ботнарь, ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Техникалық бақылаудан кейін Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірге ағымдағы жөндеу жасау туралы шешім қабылданды. Көпір берік тұр. Ешқандай қауіп жоқ. Алдымен үстіндегі қуыстарын бітеп, тегістейміз. Содан кейін тіреу бетонындағы арматурасы ашық тұрған жерлерін ретке келтіреміз.

Жыл өткен сайын жаңа үйлер көптеп салынып, қала үлкейіп келеді. Осыған байланысты қала ішіндегі кептелісті жою үшін кемі тағы екі көпір салынуы қажет.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

-Бұл қаладан Майқұдыққа келетін айналма жол бойындағы теміржол өткелі. Пойыздар көп жүретіндіктен жиі жабылады. Уақытын кептелісте өткізетін жүргізушілер мұнда көпір салынсын деп талай жылдан бері айтып келеді.

Блиц 1:

- Көпір керек, мен бұл жермен 30 жыл болды жүремін. Ылғи осылай кептеліс. Мына Майқұдықтан қалаға қатынау өте қиын.

Блиц 2:

- Мына жерде енді үнемі кептеліс қой, қашан келсең де. Пойыздар жиі өтеді мына жерде. Екі жақтан. Сосын тұрғаны бүкіл машина.

Қала бойынша 13 өткел, 3 көпір бар. Былтыр барлығына техникалық бақылау жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша биыл 1 көпірге ағымдағы жөндеу жүргізілсе, қалған екеуі күрделі жөндеуден өтеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz