RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекеттік колледждердің 100-ге жуығы нарыққа өнім шығарады

14.05.2025, 13:53 436

Елде мемлекеттік колледждердің 100-ге жуығы өнім өндіру және қызмет көрсету арқылы табыс тауып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Түскен қаражат оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, студенттер мен педагогтарға жалақы төлеуге жұмсалады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Андрей биыл Көкшетаудағы техникалық колледжді тәмамдайды. Болашақ инженер-технолог дипломмен бірге мол тәжірибе алып шыққалы тұр. Ол оқу орнындағы өндірістік базада ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығарумен айналысты.

Андрей Храмеев, студент:

- Бізге қиын емес. Заманауи құрылғылар жұмысты едәуір жеңілдете түсті. Оның үстіне мұнда барлығын жоғары білікті мамандар үйретті. Диплом алған соң маған тұрақты жұмыс дайын. Кәсіпорындардың бірімен келісілді.

Колледждегі бойжеткендер де еңбекке тартылған. Олар тігін шеберханасында көрпе-жастық дайындайды. Шығарылған өнімдер жатақханалардан бастап ірі қонақ үйлерге дейін жеткізіліп жатыр.

Фариза Қадырбекова, тігін өндірістік шебері:

- Түске дейін 10 бала, түстен кейін 10 бала ғана кіргізіледі. Себебі мұндай үлкен техникалар тұрған жерде 10 баладан артық кіргізуге болмайды. Техникалық қауіпсіздік сақталуы керек. Барлық схеманың, кестенің барлығы компьютерде жасалып, флешка арқылы мұнда жіберіледі. Яғни, үлкен принтер деп айтсақ та болады.

Білім беру ұйымы басшыларының айтуынша, өңірдегі 55 кәсіпорынмен әріптестік байланыс орнатылған. Солардың тапсырысы негізінде 200-ден астам өнім өндіріледі және қызмет түрі көрсетіледі.

Нартай Ибраев, Көкшетау жоғары техникалық колледжі өндірістік оқыту жұмыстары бойынша жетекшісінің орынбасары:

- 2024 жылдың нәтижесі бойынша шеберханаларымыздың өнімінің және қызмет көрсету бойынша 157 млн теңге табыс таптық. Табыс колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, құрал-жабдықтарды жаңғыртуға және студенттердің жалақысына жұмсалады. Студенттер өндірістік оқыту кезінде жұмысының өніміне байланысты, жұмыс уақытына байланысты 70-120 мың аралығында қаржы таба алады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елдегі мемлекеттік колледждердің шамамен төрттен бірі өз өнімдері мен қызмет түрлерін сатып отыр. Оның ішінде жиһаз және тігін өндірісі, наубайхана мен жылыжай, дәнекерлеу мен көлік жөндеу сияқты қызметтер бар. Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту үшін колледждер жанынан шағын кәсіпорындар да ашыла бастады.

Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда елімізде 445 мемлекеттік колледж болса, соның жүзге жуығы қызмет көрсету салалары бойынша оқу-өндірістік шеберханаларда шығарылатын өз тауарларын сату мүмкіндігіне ие болды және сатып отыр. Өнімнен түскен қаражат колледжге тиесілі болады. Колледждер жанынан 40-қа жуық шағын кәсіпорын ашылғанын атап өткім келеді. Аталған шағын кәсіпорындарда колледж студенттері практикадан өтеді.

Колледждердің өніміне әр өңірдегі кәсіпорындармен қатар шекаралас елдерден де сұраныс пайда болды. Мысалы, Жамбыл облысында ашылған тігін цехы Қырғызстаннан 3 мың дана костюм тігуге тапсырыс алған. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қосымша қолдау шаралары көрсетілді. Былтыр жергілікті бюджеттер есебінен 91 колледж, ал қамқоршы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар есебінен 13 колледж жабдықталған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz