RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект: Мәжілісте жаңа заң жобасы қаралды

14.05.2025, 19:10 684

«Жасанды интеллект — игілік пе, қауіп пе?» Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жаңа заң жобасын талқылап, жасанды интеллектіні қолдану ережелері егжей-тегжейлі қарады. Мамандар бұл саланың реттелмеген тұстары қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, заң аясында нақты шектеулер мен міндеттер белгілеуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның астарлап жеткізген қалжыңы ой салмай қоймайды. Бүгінде жасанды интеллект кез келген тақырыпта мақала жазып, санаулы минут ішінде сараптамалық талдауды әзірлеп береді. «Жасанды интеллект туралы» заң жобасының бірінші оқылымында құқықтық қолданысы талданды. Мәжіліс депутаттары технологияны пайдаланушылар, оны өндірушілер, іске қосушыларға заң тұрғысынан бірқатар талап енгізбек. Шектеулер негізінен адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейді. Депутаттардың дені ақпараттық қауіпсіздік пен авторлық құқық мәселесін көтерді.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мектептегі оқытушы мұғалім балаларының үй тапсырмасын жасауы үшін ЖИ пайдаланып сұрағын жасап қойды. Оны үйге келді де әке-шешесі олармен айналыспайды, ЖИ-нің сол сұрақтарының жауаптарын өздері жасап берді. Магистратураға түскен жастар – олар да дәл солай. Ғылыми еңбекті өздері жазбай, оларға жасап береді. Оны оқитын жетекшісі оны өзі оқығысы келмейді. Сол дайын материалды чат GPT-ге салып, содан кейін маған қорытындысын берші дейді. Сонда біз кім болдық? Мидың қатпарлары қайда? Қазір балалардың, жастардың сөз қоры азайды?

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Расымен, бұндай қауіп-қатер бар. ЖИ қолдану балалардың когнитивті ойлау қабілетіне ықпал ететінін дәлелденді. Мұнда ескерерлік бір жайт, ешбір тыйым тоқтау бола алмайды. Егер салалық министрлік, яғни Оқу-ағарту министрлігі өз заңында бұндай шектеулі енгізгісі келсе, онда әбден саралап, бір шешімге келер. Өз ойым, қазір смартфон, компьютер саны өлшеусіз заманда адам қалай да болсын жолып тауып, чат GPT-ден сұрағысы келгенін сұрап алады. Бұны тыю мүмкін болмас.

Көрнекілік үшін жасанды интеллектіні қолданып, сауал қойған депутаттар да болды.

Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір мен осында отырып, чат-GPT-ға тапсырыс бердім былай деп: Ерлан  Сайыров туралы өлең жазып беру керек. «Ол депутат, саясаткер, Шығыс Қазақстанның тумасы, олигархтармен аяусыз күресіп жатыр», – дедім. Маған 5 шумақ өлең жазып берді қазір. «Сатылмас сөзге, ұранға депутат болып тік айтты. Олигархтарды жығып қайтты, қарапайымның үні болып, әділдік үшін майдан ашты», – деп төрт шумағын келтіріп қояйын. Қазір әлеуметтік желіде қаптап жатыр осындай. ЖИ авторлық, құқық иесі жоқ. Енді технологиялық тұрғыдан, коммуникациялық инфрақұрылым тұрғысынан әңгіме жоқ. Керек. Ал енді шығармашылық тұлғаларға, ертең қаптаған қалың ақын, жазушы, драматургтер қаптамай ма деген ұғым-түсінік жоқ емес. Осы жағын саралап көрдіңіз бе?

Айта кетерлігі, жасанды интеллектіні грамматикалық не стилистикалық қателерді анықтау үшін қолданудың әбестігі жоқ. Депуттаттар пікірі осындай. 

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ал енді толыққанды ЖИ жасап, азамат оны өзінің атынан жариялау ол заңды болып табылмайды. Осыған байланысты тәуекелдердің, пайдаланулардың пайыздық, өлшемдік критерийлері болады.

Орайлы сәтті қолданып, депутаттың өзінен жасанды интеллектіні қаншалықты жиі қолданатыты сұрап көрдік. 

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы ЖИ өнімдерін өзіңіз күнделікті жұмысыңызда қаншалықты пайдаланасыз. Пайдаланасыз ба? Мен өзім заңгер болғандықтан, шынын айтайын, мен пайдаланбаймын. Сеебі менің ішімде бір үлкен қауіп тұрады. Егер мен қазір ЖИ OpenAI пайдаланып, сол арқылы өнімдерді өзімнің еңбегімде, шығармашылығымда қолдансам, белгілі уақыт өткеннен кейін меннен ақысын сұрап тұрса, құқықтық дау туындайтын болса, не болады деген сұрақ менің миымда тұрады. Сондықтан мен қолдана қоймаймын.

Қолданыс аясы күннен күнге кеңейіп, әлеуметтің барлық саласында белсенді қолданылып жатқан жасанды интеллектінің берері мол. Бірақ одан келер қауіп аз емес. 28 баптан тұратын жобаның депутаттардың қызу талқысына түсуі заңды да. Қатерлерді мұқият бағамдап, технологияның дамуына жол ашу үшін заң жобаны екінші оқылымға дейін тағы бір қайтара сараланады.

Жасанды  интеллектінің көмегінсіз, дәстүрлі әдіспен осы сюжетті әзірлеген авторлар: Бақыт Топтаева, Марат Диқанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz