1,5 млн гектар орманы бар Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтары 110 арнайы көлікпен толығады.
Жалпы биыл елдің өрт қаупі жоғары 11 өңірге жаңа техника алынады.
Ол үшін республикалық қазынадан 26 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржыға заманауи дрондар, метеостанция мен жылжымалы өрт сөндіру кешендері алынады.
Черемшан орман шаруашылығы ұжымының жұмысы әркез қауырт. Әр қызметкер 3 мың гектардан астам жерге жауапты. Арнайы техника күні-түні сақадай сай дайын тұруы тиіс. Алайда, тозығы жеткен техника жиі бұзылады. Сондықтан, биыл өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен ескірген көліктерді жаңарту жоспары бар.
Ербол Беделманов, "Черемшан орман шаруашылығы" КММ басшысы:
- Ең тиімді машина - бұл шағын өрт сөндіру кешені. Ол техниканы таңдау үшін мен Қарағанды облысы Саран қаласына әдейі бардым. Бұл кешен шағын болғанымен мыңдаған гектар алқаптағы тілсіз жауды тез сөндіруге мүмкіндік береді.
Өрттің алдын алу тәсілдері де өзгереді. Қазір өңірдегі ірі орман шаруашылықтарында 24 метеостанция орнатылып жатыр. Оның көмегімен мамандар тілсіз жауды тез анықтай алады.
- Бұл метеостанция өрт қауіпінің деңгейінен бастап, ауа температурасының ылғалдылығы мен желдің жылдамдығына дейін анықтайды.
Ал орманшылардан әмбебап сарбаздар жасақталып жатыр. Мысалы, Азаматтық қорғау академиясында 129 адам арнайы дайындықтан өтті. Оларға заманауи әдістемелер оқытылып, дрондарды басқару үйретіледі.
Дамир Ерназар, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Қазіргі таңда лизингтік қаржыландыру бойынша орман шаруашылықтарының материалдық техникалық базасын нығайтуға 3,9 млрд теңгеде 110 техника сатып алынуда. Өткен жылы 202 млн теңгеге 5 дөңгелекті трактор сатып алынды. Ағымдағы жылы 3 вахталық автокөлік 184 млн теңгеге сатып алынды.
Қазір өңірдегі орман шаруашылықтарында 196 техника бар. Жауаптылардың сөзінше соңғы 7 жылда аймақтағы орман шаруашылығындағы техникалық базаны нығайтуға 2 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 14 өрт сөндіру көлігі, 37 трактор мен 40 шағын өрт сөндіру кешені сатып алынды.
Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин и Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #орман шаруашылығы #техника #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz