RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр

15.05.2025, 08:25 363

Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

Биыл өңірде егістік алқаптардың көлемі 120 мың гектарға артқан.

Ауылшаруашылық саласын әртараптандыру  үрдісіне сәйкес ағымдағы жылы майлы дақылдарға көбірек көңіл бөлініп отыр. Фермерлер дәнді дақылдардың көлемін азайтып, оның орнына сұранысқа ие зығыр, күнбағыс және рапс егуде.

Павлодарлық диқандар 1 миллион 687 мың  гектар алқапқа   ауылшаруашылық дақылдарын егеді. Биыл көктем ерте шықты. Сондықтан науқанды сәл ертерек бастауға тура келді - дейді мамандар.  Тапсырысты уақытында беріп үлгермеген бірен-саран өнім өндірушілер болмаса диқандар жанар-жағармаймен толық қамтылған.

Асылтас Құсайынов, ауылшаруашылық басқармасы  өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы:

- 2025 жылы Павлодар облысына 27 мың 600 тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1900 тоннаға артық. Ағымдағы күні 24 мың 312 тоннаға өтінім берілді ауылшаруашылық тауар өндірушілермен. 17 мың 91 тоннаға өтінім төленді және де 14 мың тонна жанар-жағармай жаңағы жөнелтілді. 

Биыл өңірде минералды тыңайтқышқа сұраныс шамамен 122 мың тоннаны құраған.  Бүгінгі күні шаруалар оның 55  мың тоннасын сатып  алды. Құрамына 14 шаруа қожалығы кіретін  кооператив  басшысы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша барлық агротехникалық және жер өңдеу жұмыстары мерзімінен бұрын басталды.

Ерлан Тоқтышақов, кооператив басшысы:

- Биыл қыс өте жылы болды. Соған сәйкес  топырақтың жоғарғы қабатына тоң қатпады. Ылғал қоры көп деп айта алмаймын, бірақ қанағаттанарлық деңгейде. Қазір Қазгидромет елдің оңтүстік облыстарында құрғақшылық болатынын болжап жатыр. Солтүстікте ауа райы қалыпты болатын сияқты. Сондықтан мол өнім аламыз деп үміттенеміз.

Жалпы көктемгі егіс науқанына орай облыс шаруаларын субсидиялауға  6,1 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасы аясында  17 миллиард теңгенің несиесі беріліпті. Өңірдегі көптеген шаруашылықтар суды үнемдеу технологиясын қолданады. Биыл  Ертіс өзенінің жағасындағы  шабындықтардың 90 пайызына су жайылды. Бұл мал азығын дайындайтын және көкөніс өсіретін фермерлерге өте қолайлы.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz