RU
Толық нұсқаға өту

Karachaganak Petroleum Operating отандық өндірушілерді қолдауын арттырады

15.05.2025, 21:52 432

Karachaganak Petroleum Operating қазақстандық тауар өндірушілермен ынтымақтастығын одан әрі нығайтады, деп хабарлайды 24kz.

Осы мақсатпен компания бас директоры Марко Марсили бастаған делегация аймақтарды аралап, жергілікті кәсіпорындардың әлеуетімен танысып жүр. Кезекті сапар Астана қаласының индустриялық паркінде өтті. КПО болашақта қай өндіріс ошақтарымен серіктестік орнатуы мүмкін?

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Бұл жыл басынан бергі төртінші аймаққа сапар. Бұған дейін Karachaganak Petroleum Operating Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының кәсіпорындарын аралады. Діттеген мақсат – іскерлік серіктестіктің негізін қалау.

Марко Марсили, КПО бас директоры:

- Жан-жақты жұмыстар жасалып жатыр. Алдымен өндірістік орындарды аралап, шығаратын өнімдері жайында мәлімет алдық. Бүгінгі сапарымыз көптеген компаниямен бастапқы байланыс орнатуға арналды. Біздің дерекқорымызда жоқ жаңа компаниялар тіркелетін болды. Себебі тендер өткізердің алдында олар дерекқорда болуы шарт. Кейбір кәсіпорындарға  сертификаттау туралы қосымша ақпарат бердік. Себебі мұнай-газ саласында тауарлардың сапасына қойылатын талап жоғары.

Кездесуден нәтиже күтетіндердің бірі – шам өнімдерін шығаратын кәсіпорын. Өндіріс орнының басшысы КПО жобаларына үлес қосудың артықшылығы мол деп санайды. Меймандарға өнім түрлері, сапа деңгейі жайында жан-жақты мәлімет берді.

Қаныбек Айтақов, кәсіпорын директоры:

- Біздің өндірістің артықшылығы диодтық шамдар шығарамыз. Олардың қызмет көрсету уақыты ұзақ, содан кейін табиғи зиян емес. Құрамында сынап жоқ, таза өнім, жасыл технология. Жылына 100 мыңдай шамдар шығара аламыз.

Мұнай-газ өндіру саласына қажетті өнімдер тізімі ауқымды. Қорғаныш костюмдері, тыныс алу жолдарын қорғайтын бетпердеден бастап, құрылыс, телекоммуникация, құбыр жабдықтарына дейін сұраныс жоғары. Таныстырылған кәсіпорындардың көпшілігі осы бағыттың үздіктері саналады.

Мұхтар Манкеев, КПО бас директорының орынбасары:

- Karachaganak Petroleum Operating компаниясы 2025 жылдан бастап өңіраралық кооперацияны ұлғайтуда. 2024 жылы КПО компаниясының көрсеткіші тікелей тауарларды сатып алу бойынша 18%-ке жетті. Ол біздің 30 жылдық тарихымыздағы ең ірі көрсеткіш. Одан бөлек, қызмет көрсету 70-80%-ке жуық. Және бізге жұмыс көрсететін компаниялар бар олар да сол 60-70% өте жоғары көрсеткіште.

Индустриялық парк аумағында жыл сайын 10-15 жаңа жоба іске қосылады. Ірі компаниялармен ықпалдасу болашақта өндірістік қуаттылықты арттыруға көмектеседі.

Хәлел Әкімжанов, Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:

- Бұл 130-дан астам өндірістік жоба жүзеге асқан еліміздегі ең ірі индустриялық парктердің бірі. Қазір осы кәсіпорындарды дамытуға ден қойып жатырмыз. Біз үшін кәсіпорындарымыз тұрақты көлемде тапсырыс алып, өндіріс айналымын қайта инвестициялауы маңызды.

Кейінгі 10 жылда компания астаналық кәсіпорындармен 200 келісімшарт орнатқан. Бүгінгі кездесуде тараптар өзара тиімді әрі ұзақмерзімді серіктестік құрдың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ КПО жергілікті қамтудың үлесін арттыру стратегиясы аясында өзге де өңірлерге сапарын жалғастырады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz