Атырауда көпбалалы аналар әр салада жемісті еңбек етіп, көшбасшылық рөл атқарып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Солардың бірі – Әйгерім Аташева. Ол кондитерлік дүкен мен кофехана ашқан. Ұл-қыздарының дамуына да мүмкіндік жасап келеді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Әйгерім Аташева кәсіпкерлікпен 2017 жылы айналыса бастады. Қазір кондитерлік дүкен мен кофехананың иесі. Мұндай дәрежеге жетуіне жарының көп көмегі болған. Ол үнемі қолдау танытып, қалаған ісімен айналысуына қарсы болмаған. «Отбасының негізгі тірегі – қолдау мен түсіністік», - дейді Әйгерім.
Әйгерім Аташева, көпбалалы ана:
- Мен торт пісіріп, үйден бастадым. Мен тортты пісірсем, ол сол торттарды жеткізіп жүрді және де ешқашан маған тыйым салмады. Өзіңе ұнаса, өзің қалап тұрсаң, жасай бер деді. Өз басым кәсіпкер болсам да, балаларды бірінші орынға қоямын. Әрқашан да жолдасым мен балаларым менің ең бірінші болады өмірімде.
Марсель мен Әйгерім 4 бала тәрбиелеп отыр. Бәріне көңіл бөліп, түрлі үйірмеге апарады. 12 жастағы үлкен қызы мәнерлеп сырғанаушы. Ал кенжесі, 6 жастағы ұлы биыл мектепке барады. Олардың білімді, өнерлі боп өсуіне ата-анасы бар жағдайын жасап жүр. Отағасы Марсель алдындағы ағаларын үлгі тұтатынын айтады.
Марсель Төлеуішов, отағасы:
- Мен енді жалпы отбасын үлгі ретінде өзімнің ағаларымнан аламын. Олар да көпбалалы. Әр отбасыда ең бастысы бір-бірін түсіну деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да, не болса да, ақылдасып, бір-біріне ашық болу маңызды деп ойлаймын.
13 жыл бұрын құрылған отбасы қазір көпке үлгі. Әйгерім кәсіпкерлікке бет бұрса да, отбасы құндылығын дәріптеуден айныған емес. «Махаббатпен көтерілген әр шаңырақ түсіністік пен сыйластықты ту етуі керек», - дейді көпбалалы отбасы.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #кәсіпкер #отбасы құндылығы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz