15 мамырда Қазақстан Халықаралық отбасы күнін атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтады. «Бұл жүрекке жылы мереке отыз жылдан астам уақыт бойы отбасы атты ең қастерлі құндылықты еске салып, насихат етіп келеді», – деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ министр «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. «Қазақстанда барлығы 6,2 миллионнан астам отбасы өмір сүреді. Мемлекет үшін отбасын қолдау – жай ғана басымдық емес, бұл тұрақты дамудың берік негізі. Елімізде ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп, қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Бұл ретте жаңа ғана шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасыларға ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсету маңызды. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған заңнама жетілдіріліп келеді. Қолдау тек сөз жүзінде ғана емес, әлеуметтік жәрдемақылар мен бала күтіміне арналған төлемдер арқылы нақты көрініс тауып келеді. Бүгінде елімізде 100-ден аса Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді», – деп атап өтті Аида Балаева.
«Отбасы – қоғамның тек бір бөлшегі ғана емес. Бұл – бізді жақсы көретін, түсінетін, қабылдайтын аяулы мекен. Дәл осы жерде тұлғалық қасиетіміз қалыптасып, құндылықтар мен армандарымыздың іргетасы қаланады. Отбасы берік болса, мемлекет те қуатты болады. Балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеп отырған, отбасылық дәстүрді ұқыппен сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан әрбір жанға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер – еліміздің тірегі, жарқын болашақтың негізісіздер. Барша отбасыға шуақты өмір, мықты денсаулық, жылылық пен бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта қуаныш пен шаттық мол болсын! Бүгін – тағы бір ерекше күн. Дәл осы күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталады. Қазақстанның әр өңірінде өзгелерге үлгі болатын, тағылымды тарихы бар отбасылар бар екеніне сенімдімін» — Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы.
Айтып өтейік, ұлттық байқауға әртүрлі салада: спорт, ғылым немесе өнерде жетістікке жеткен отбасылар қатыса алады. Өтінімдер 2025 жылғы 15 мамырдан 15 маусымға дейін қабылданады.
Құжаттарды тұрғылықты мекенжай бойынша аудандық немесе қалалық комиссияларға тапсыру қажет. Байқау екі кезеңнен тұрады: аудандық-қалалық маусымның 15-нен 30-на дейін, облыстық-астаналық 30 маусымнан 15 шілдеге дейін өтеді. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның әр өңірінен үздік шыққан 20 отбасы лауреат атағын иеленіп, Астанадағы салтанатты рәсімде марапатталады.
Тегтер #Аида Балаева #Отбасы күні #құттықтау #Мерейлі отбасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz