Ұлытау облысы халықты әлеуметтік қолдауға қатысты жобаларды жүзеге асыратын өңірлер қатарына қосылады. Сондай-ақ аймақта еңбек нарығын реттеу мен бақылау мақсатында инновациялық жобалар навигаторы іске асырылады. Аталған жобалар осыған дейін Қарағанды облысы мен Шымкент қаласына пилоттық режимде енгізілген болатын. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Ұлытау облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны азайған. Оның бірнеше себебін атауға болады. Біріншіден, өңірде жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Екіншіден, отбасылардың әлеуметтік жағдайын анықтау жүйесі біртіндеп сандық форматқа көшіріліп жатыр. Енді бұл қатарға инновациялық жоба навигаторы қосылады. Яғни өңірдегі кәсіпорындар мен ірі жобалар туралы үйден шықпай-ақ ақпар алып, өзіне лайық жұмыс іздей алады.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Инновациялық жоба навигаторы арқылы онлайн режимде өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін, қанша жұмыс орны құрылды, зейнетақы аударымдары мен айлық жалақы көлемін бір пернені басу арқылы біле аласыз. Әлеуметтік кепілдік туралы да білуге болады. Яғни барлық жобаның тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Ұлытау облыстар арасында урбандалу деңгейі бойынша екінші орында. Өңір халқының 79%-і қалалық жерлерде қоныстанған. «Әрине, бұл аймақта еңбек нарығын реттеуде бірқатар кедергі келтіріп отыр», – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының мамандары. Сондықтан көші-қон үдерісін тежеу үшін ауыл-аймақта жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілген.
Құрмет Сәттібаев, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту көрсеткіші үнемі бақылауда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелеріне қайтармыз гранттар беріледі. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалар жаңа жұмыс орындарын құруға сеп болып отыр.
Жалпы өңірде 2 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген. Ал бос жұмыс орындарының саны одан екі есе көп. Себебі екі қолға бір күрек іздеген ағайын жалақының аздығына және мамандығы сәйкес келмеген соң ол орындарға бармайтын көрінеді. Сондықтан қысқа мерзімде қайта даярлау курстары ұйымдастырылып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева
Тегтер #Ұлытау облысы #әлеуметтік қолдау #Светлана Жақыпова #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz