RU
Толық нұсқаға өту

Шымкент пен Инчхон арасында тікелей әуе рейсі ашылды

16.05.2025, 11:20 409

Жақын арада Қазақстанның тағы бір қаласынан Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейстері ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Нақтырақ айтқанда Инчхон-Шымкент бағыты қосылады. 

Қазақстандық жекеменшік әуе компаниясы өздерінің жаңа бағытын таныстыру шарасына ірі туристік компаниялардың өкілдерін шақырыпты. Меймандарға  жаңа рейстердің кестесі көрсетілді. Инчхоннан Шымкентке сейсенбі және жұма күндері тікелей ұшуға болады. Ал Шымкенттен Инчхонға дүйсенбі және бейсенбі күндері рейстер қатынайды. Жиналған жұртшылыққа Қазақстанның оңтүстігіндегі мегаполистің көрікті жерлері туралы еліміздің Оңтүстік Кореядағы елшісі Нұрғали Арыстанов айтып берді.

Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы Елшісі:

- Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алты нысанымен мақтанады. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Айтпақшы, ол Шымкенттен алыс емес, Түркістанда орналасқан. Сондай-ақ бұл тізімге Тамғалы тастар  және басқа да тарихи ескерткіштер кіреді. Енді бұл орындарға бару бұрынғыдан да қолжетімді болмақ.

Шымкентке келетін оңтүстіккореялық туристерге Триумфалды арка, Абай саябағы мен мешітті көру, сондай-ақ жергілікті тағамдардан дәм тату ұсынылды.

Андрей Цыганков, әуе компаниясының Корея Республикасындағы филиалының директоры:

- Шымкент – Қазақстандағы үшінші ірі қала және халқы 1 миллион 200 мыңнан асатын, қарқынды дамып келе жатқан оңтүстік аймақтың орталығы. Ол өзінің дәмді кәуабымен және дамып келе жатқан әуе хабымен танымал. Жаңа Шымкент әуежайы – жылына 2 миллионнан астам жолаушыны қабылдай алатын заманауи ғимарат.

Кореялық туркомпания өкілдері Шымкенттің тағы бір артықшылығы, бұл қаладан Орталық Азияның басқа елдеріне баруға ыңғайлы екенін атап өтті.

Ян Хён Сок, туристік компания бас директорының орынбасары:

- Оңтүстік Кореяда Орталық Азияның үш еліне арналған турлар танымал. Қазірдің өзінде бұл бағыт бойынша 100-ден астам бронь бар. Маршрут былай болады: алдымен Алматыға келеміз, одан кейін Қырғызстанға барамыз, сосын Өзбекстанға, атап айтқанда, Самарқан пен Бұхараға. Кореяға Ташкенттен қайтамыз.

Қазақстандық әуе компаниясының өкілдері Оңтүстік Кореялық туристер Шымкенттен Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропаға да тікелей ұша алатынын хабарлады. Қазірдің өзінде бұл қаладан Будапешт, Мюнхен, Ыстамбұл және Мәскеуге тікелей ұшуға болады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz