Елімізде 15 мың адам алимент төлеуден жалтарып жүр.
Олардың берешек сомасы 19 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады. Жыл басынан бері 1500-ден астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100-ден астам азамат қылмыстық жазаға кесілген. Қазір тиісті сот орындаушылары қарызды өндіру жұмыстарымен белсенді айналысып жатыр. Олар азаматтардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қояды. Сондай-ақ мүліктерін сатуға шығарады.
- Статистика көңіл көншітпейді екен. Қазір проблемалық алименттер санын азайту үшін қандай да бір шаралар жүргізіліп жатыр ма? Мүмкін арнайы заң қарастырылып жатқан шығар?
- Өз баласына берешегі бар ата-аналардың саны азаймай тұр. Олардың арасындағы жұмыссыз жүрген азаматтардың жайы бөлек. Бірақ оның шешімі бар.
Проблемалық алименттерді азайту мақсатында сот орындаушылары, жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, борышкерлерді жұмысқа орналастыру ісін қолға алған. 2022-ші жылы екі мыңнан астам азамат сәтті жұмысқа орналастырылды. 2023-ші жылы 4238 адам, былтыр 6232 азаматтың екі қолына бір күрек табылған. Ал биыл 1300-ден астам борышкер жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ саладағы цифрлық шешімдерді де айта кету керек. Бүгінде ешқандай ырыққа көнбей, алименттен жалтарып жүргендерді енді тез тауып алуға болатын жүйе іске қосылды.
2022 жылы – 2150 борышкер жұмысқа орналастырылды
2023 жылы – 4238 борышкер жұмысқа орналастырылды
2024 жылы – 6232 борышкер жұмысқа орналастырылды
2025 жылы – 1300-ден астам борышкер жұмысқа орналастырылды
Мақсат Балабеков, ҚР Әділет министрлігі міндетті атқару комитетінің төрағасы:
- Атқарушылық жүйені цифрландыру арқылы сот орындаушысы борышкердің шекарадан шыққаны туралы мәліметті алу мүмкіндігі автоматтандырылды. 2024 жылдың желтоқсанында борышкерді іздестіру процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Егер бұрын борышкерді іздестіруге жариялау туралы қаулы ішкі істер органдарына қағаз жеткізгіште жіберілсе, қазір мұндай қаулы автоматты түрде жіберіледі. Бұл интеграция –борышкерлерді жедел іздестіруге мүмкіндік береді.
Астанада прокурорлардың үйлестіруімен ₸5 млрд алимент өндірілді
Алиментті өндіріп алу – прокурорлардың басым бағыттарының бірі. Былтыр бір ғана Астана қаласында осы органдардың үйлестіруімен 5 миллиард теңгеге жуық алимент өндірілген. Осылайша 5 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалған. Қазір мамандар өз табысын жасып жүргендерді анықтау ісіне ден қойып отыр. Биылғы көрсеткішке сүйенсек, 170 борышкер 350 миллион теңгесін электрондық ақша жүйесінде сақтап, жасырыпты. Сорақысы – кейбір азаматтар баласының алиментінен жырып, шеттен тапқан табысын құмар ойындарға жұмсаған екен.
Нұрлан Дәлуұлы, қала прокурорының көмекшісі:
- Мәселен, 9 млн теңге қарызы бар бола тұрып, 8 борышкер Қонаев және Щучинск қалаларында казинода 10 млн тг ұтысқа тіккен. Одан бөлек 1 млрд қарызы бар бола тұрып, 500 қасақана алимент төлемеушілер букмекерлік кеңселерде 1,5 млрд тг ставкілер жасаған. Мысалы, бір ғана борышкер 6млн тг қарызбен букмекерлік кеңсе арқылы құмар ойындарға қатысып, 168 млн тг тіккен.
Прокурор қарызы бар азаматтардың қатарында тек ер адам емес, әйелдердің де барын ескеру керек, дейді. Жынысына қарамастан заң бәріне ортақ. Алимент төлемегені үшін борышкерлерді 5 тәулікке қамауға алу жауапкершілігі қарастырылған. Ал қылмыстық жауаптықта 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Нұрлан Дәлуұлы, қала прокурорының көмекшісі:
- Заңмен көзделген: егерде қасақана төлемей жүрген немесе жұмыссыз болып, қандайда бір мүлкі жоқ болса, жеке сот орындаушы оларға тиісті хабарлама береді. Яғни ол орталық еңбекке орналастыру орталығы бар, сол жерге еңбекке көрсетіледі. Егерде ол қасақана төлемей жүрген, бармаса, онда ол әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
Бұл мәселе заң тұрғысынан қалай болып жатыр? Білуімше, Мәжіліс депутаттары тиісті құжатқа өзгеріс енгізуді ұсынған. Солай ма?
- Қолданыстағы құжат бар. Бірақ жуырда Мәжілісте, депутат Магеррам Магеррамов оның әлсіз тұсы көп деді. Сөйтіп, «алимент қорын құру керек» деп, Үкімет басшысына депутаттық сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, мұндай қордың болуы – бюджетке салмақ түсірмейді. Ал бастысы – қордағы қаражат алиментке тәуелді болып отырған мүгедектігі бар балалардың еміне жұмсалады.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Алимент қоры бірталай мәселені шешеді. Мысалы оған салынатын ақша – салыққа жатпайтын түсімдерден алынады. Яғни мемлекеттік бюджетке тәуелді болмайды. Сондай-ақ қорға түскен қаражат алиментті қажет ететін, әсіресе мүгедектігі бар балаларға жұмсалады. Мұндай тәжірибе өзге елдерде бар және ол сәтті іске асып жатыр.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева алиментке қатыста жаңа заң жобасын әзірлегенін айтып, Сенатқа жүгінді. Онда сот орындаушыларына, борышкерлердің жұмыс берушілері, олардың айлық табысы туралы хабарлауды міндеттеу мәселесі мен тағы бірқатар өзгеріс бар.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Алименттерге қатысты заң жобасын әзірлеу бойынша ұсынысымызды сенат қолдады. Бұл бағытта бірге жұмыс істедік. Жалпы заң жобасында 90-нан астам түзету бар. осы түзетулердің арасында біріншіден алименттердің көлеміне қатысты түзетулер бар. яғни алименттің төменгі шегінің күн көріс деңгейіне байланыстыру. Себебі борышкерлер табысты жасырып, тек қана 10-15 мың теңге балаларға төлейді. Сонымен қатар жұмысшылармен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін платформалардан, мысалы индрайвер, яндекс деген платформалардан ақпаратты алу үшін мүмкіндік енгізді.
Балаға алимент төленбесе, оның құқығы тапталып жатыр деген сөз. Алдымен осыны түсініп алуымыз қажет. Сондықтан жуырда тиісті құжатқа өзгеріс еніп, борышкерлердің жауапкершілігі қатаңдауы мүмкін.
Тегтер #алимент #борышкер #жұмыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz