Алматы облысындағы жағажайларға жасанды интеллект арқылы басқарылатын камералар орнатылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Құрылғылар демеушілердің қаржысына алынды. Өңірге келетін турист саны жыл сайын көбейіп жатыр. «Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды», - дейді жауаптылар. Тек Қапшағайдың өзіне былтыр 1,5 миллионнан астам демалушы келіпті. Өкінішке қарай 19 адам суға кеткен.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Алматы облысында шомылу кезеңі 1 маусымнан басталады. Қапшағай су қоймасына былтыр 1,5 млн турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Өңір бойынша шомылу маусымы кезінде ресми тіркелген 120 жағажай жұмыс істейді.
Қуанышбек Мирамбекұлы, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Демалатын орындардың алдыңғы санатында тұрамыз біздің Алматы облысы. Ол біздің үш ұлттық паркіміз Іле Алатау, Көлсай көлдері және Шарын ұлттық паркіміз. Ол жерде де туристердің өсу қарқынын көріп отырмыз. Осы 2024 жылы 2023 жылға қарағанда 60,3%-ке бізде өсу қарқыны көрінуде және де шетелден келетін туристер саны өте жақсы өсіп келе жатыр.
Алматы облысына былтыр 135 мың шетелдік турист келді. Ол бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 40%-ке көп. 2024 жылы өңірдегі өзен-көлдерде 19 адам суға батып кетті. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жағажайларға жасанды интеллект арқылы басқарылатын бейнекамералар орнатыла бастады. Бейнеқұрылғылар белгіленген шекарадан асып, алысқа жүзіп кететіндер мен жағажайда мас күйінде жүрген демалушыларды анықтайды.
Ералы Разақұлов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Осы жағажайларда қазір заманауи технологиялардың дамуына байланысты 21 бейнекамера орнатылды. Бұл камералар адамдардың қауіпсіздік ережелерін бізге бақылауға мүмкіндік береді. Адамдарды судағы төтенше жағдайлардан, батуынан, тағы да бір жағдайларды анықтап, бізге дереу орталық басқармамызға шығарып, камералар көрсете алады.
Бейнеқұрылғылар облыстық төтенше жағдайлар демартаментінің жедел әрекет ету желісіне тікелей қосылған. «Жасанды интеллект арқылы басқарылатын жаңа технологиялар суға бату дерегін барынша азайтады. Біз ел азаматтарынан шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», - дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #жағажай #қауіпсіздік #жасанды интеллект #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz