RU
Толық нұсқаға өту

Оралда көпқабатты 58 үйдің қасбеті жаңғыртылады

17.05.2025, 09:49 370

Оралда 1715 тұрғын үйдің жартысынан астамы жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды 24kz.

«Барлығын бюджет есебінен жаңғырту мүмкін емес», - дейді мамандар. Алайда, қаланың келбетін бұзып тұрған ғимараттар қазына қаржысына кезең-кезеңімен жаңартылады. Биыл шаһарда көпқабатты 58 үйдің қасбетін қалыпқа келтіру жоспарда тұр.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Абай атындағы даңғылда орналасқан мына үй 1985 жылы салынған. Содан бері пәтер иелері қал-қадірінше балконын қымтап, пәтерін жылу сақтайтын материалдармен қаптап алған. Содан да шығар 9 қабатты үй алыстан қарағанда алабажақ боп көрінеді. Енді ғимараттың қасбеті бір түске боялады.

Павел Шамин, қала тұрғыны:

- Осы үйде салынғаннан бері тұрамын. Содан бері тозды ғой. Әсіресе, жертөлесі, электр желісі ескірді. Енді биыл қасбетін қазына қаржысына жөндеп жатыр. Оған да рахмет айтамыз. Бұрынғыдай емес, үйдің ажары кіріп қалды. Бұрын осы айналадағы үйдің бәрі бір типті сұп-сұр болып тұратын. Әрине, бояуы бұдан да ашық болғанда жақсы болар еді.

Орал қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында және  көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетін күрделі жөндеу қағидаттарына сәйкес, биыл облыс орталығында 58 үй жаңартылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініптІ.

Нұртілеу Шайдығалиев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Ең бірінші назар қаланың орталық көшелеріне түсіп, сол жерлерден таңдап алынды. Ол Абай даңғылы, Сырым Датұлы көшесі, Гагарин көшесі, Назарбаев даңғылындағы үйлер таңдап алынды. Бұл жобаның тұрғын үй қатынастары туралы заңының 10.3-бабына сәйкес жергілікті бюджет қаражатынан ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізе аламыз. Бояу сырлау жұмыстарынан бөлек жалпы сметада іргетас жанындағы көппәтерлік үйлердің отмосткаларын құю қарастырылған.

Көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеуге 14 мердігер ұйым тартылған. Құрылыс жұмыстарын маусымның ортасына дейін аяқтау жоспарланған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап, Э.Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz