Шымкентте әскери салада ұрпақ сабақтастығын жалғастырған отбасы тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелерде Қабыловтар әулеті ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Бүгінде подполковник Айбек Қабыловтың ұлдары да Отанға қызмет етуді қасиетті борыш санап, әскери салада еңбек етіп жүр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Айбек Қабылов әскери салада 20 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында арнайы мақсатта жасақталған барлаушылар тобының командирі болып, кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты біршама бөлімді басқарды. Подполковник шеніне дейін көтерілген ол талапшыл әрі тәртіпті басшы ретінде танылды.
Айбек Қабылов, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бірінші орынбасары:
- Ұжымда сыйлы болу үшін әрдайым әділ шешім қабылдау керек. Нақты, қысқа тапсырма беру керек. Жеке құрамды бір деңгейде ұстау керек. 24/7 байланыста боламыз. Кез-келген уақытта қызметтеміз. Ер азамат барлығына үлгеру керек.
Подполковник Қабылов өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді. Оның қатысуымен жеке құрамның дайындық деңгейін жетілдіруге, резервтегі әскери міндеттілердің даярлығын шыңдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ жастарды отан алдындағы борышын өтеуге шақыру ұйымдыстырылады. 38 жастағы Айбек Қабыловтың жұбайы да Ішкі істер саласында еңбек етеді. Олар ортақ түсіністіктің арқасында шаңырақ шаттығы мен жанұяның ынтымағы арта түскенін айтады.
Мөлдір Сүлешева, А.Қабыловтың жұбайы:
- Жолдасымның әрбір жетістігіне қуанып, бағалап, қолпаштап отырамын. Барынша бос уақытымыз бола қалса ұл-қыздарымызға көңіл бөлуге тырысамыз. Балаларын көргеннен кейін көңіл-күйі көтеріліп, мейірімі төгіліп жақсы жағына ашыла бастайды.
Қызметте білікті ұйымдастырушы, жанұяда аяулы жар, ардақты әке отбасылық өмірдің құндылықтарын да ұмыт қалдырмады. 5 бала тәрбиелеп, олардың білім көкжиегін кеңейтуге мән берді. Екінші перзенті мектепаралық тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсетті.
Әлимардан Жұмабек, А.Қабыловтың ұлы:
- Жұмыста көп болады. Бірақ бізді өте қатты жақсы көреді. Білмей қалған нәрселеріме әке-шешем көмектеседі. Өзімнің достарыма айтамын: мен де әке-шешем сияқты үлгілі адам болғым келеді.
Айбек Қабыловтың әкесі де Қарулы күштер саласының абыройлы ардагері. Сондықтан ұрпақ сабақтастығын сақтаған ұл қызметтік міндетін мінсіз атқаруды борышым деп санайды. Әскерге шақырылған жастарды отаншылдыққа үндеуден жалықпайды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #Шымкент #қорғаныс саласыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz