RU
Толық нұсқаға өту

Таразда жылу желілерін жаңғыртуға ₸ 12,6 млрд бөлінді

18.05.2025, 19:42 438

Тараздағы жылу желілерінің 68% тозған, деп хабарлайды 24kz.

Әр жылыту маусымында құбырлар 3-4 жерден тесіліп, қиындық тудырады. Осыған байланысты негізгі магистральды құбырларды жаңғырту жұмыстары басталды. Үш ауқымды жобаны жүзеге асыруға 12 милрд 600 миллион теңге бөлінді.

Тараздың М-1 негізгі жылу магистралі 1990 жылдан бері үздіксіз істеп келді. Құбырлардың пайдалану мерзімі 25 жыл екенін ескерсек, желі 10 жыл бұрын жаңғыртылуы тиіс еді. Былтыр республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлініп, құбырдың 4,5 шақырымы ауыстырылды. Биыл қалған 1,5 шақырымы жаңғыртылып жатыр.

Ұлан Сахимов, құрылыс компаниясының өкілі:

- 650 метрді қазып демонтажын жасап қойдық. Бұның 200 метр құбыр науасын салып қойдық. 100 метр құбырын салып жатырмыз. 50 адам жұмыс істеп жатыр. 20 техника. Бұрынғы құбыр 530-дық еді, сырты стекловата. Биылғы біз ауыстырып жатқан құбыр 530-дық гидроизоляциясы бар ППУ-мен қапталған. 50 жылға жарамды мерзімі бар.

Жаңарту жұмыстарын жылыту маусымы басталғанша аяқтау көзделген. Сонымен қоса 2 миллиардтан астам теңгеге М-3 жылу желісінің 1,4 шақырымы салынады. «Бірақ мәселенің басымы ішкі желілерде», - дейді жауаптылар.

Рауан Байдалиев, «Таразтрансэнерго» МКК бөлім басшысы:

- Ішкі жылу желілерінің тозуы 65-70% құрап отыр. Басым бөлігі мынау ықшам аудандарда. Желілердің тозуы жерасты суы жақын болып жатыр ғой. Сондықтан коррозияға әкеліп жатыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2-3 жылда бізге қаржыландыру қажет. Кезек күттірмейді ол.

Ішкі желілерді күрделі жөндеу қомақты қаржыны қажет етеді. Миллиардтаған теңге қалалық бюджетке салмақ түсіргендіктен, республикаға өтінім жіберілді.

Жарқынбек Шоғалов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- 11 жоба жасалынған. Жалпы сомасы 31 миллиард теңге. Республикалық бюджетке өтінім жолданған. Солар қолдау тапқан жағдайда біздің қаланың жылу желілерінің тозу деңгейлері 50%-ке төмендейді.

Тараздағы жылу желісінің ұзындығы 229 шақырым. Биылғы жаңғырту жұмыстарынан соң тозу көрсеткіші небәрі 3% төмендеп, 65% болады. Жергілікті билік өкілдері: «Қаржының бөлінуіне қарай күрделі жөндеу кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деп отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz