Шемонаиха қаласында салынып жатқан жылу қысымын көтеретін сорғы станциясының құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мердігер компания қаржылай қиындыққа тап болған, деп хабарлайды 24kz.
Кейінгі жылдары қаладағы жаңа шағын ауданда жылу тапшылығы жиілеп кетті. Көбі қыста электр пешін жағып, амалдап шықты. Сондықтан жылу құбырындағы қысымды көтеру үшін станция салу туралы шешім қабылданған еді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Гүлназ Қазыбекқызы – ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Осыдан бір жыл бұрын жаңа ықшам аудандағы көпқабатты үйге көшіп келген. Алайда, қыста пәтері суық болып, электр пешін қолданған.
Қоңыр салқын болып тұратын батареядан тарайтын жылу барлық бөлмеге жетпейді. Сондықтан Гүлназ демалыс күндері туыстарының үйіне барады.
Гүлназ Қазыбекқызы, қала тұрғыны:
- Жоқ деуге де келмейді, бар деуге де келмейді, бірақ көбінесе қысымды түсіріп жібереді, салқын болады. Кейде үйде болмауға тырысамыз, баланы алып, жер үйге барамыз, кішкене жылынамыз.
18 мыңнан аса тұрғыны бар Шемонаиха қаласының аумағы жыл сайын кеңейіп жатыр. Жаңа шағын аудандармен қатар әлеуметтік және жекеменшік нысандар да салынуда. Яғни, жылу орталығының қызметін тұтынушылар көбейген.
«Қысымның шеткері аудандарға жетпей қалуы содан», - дейді мамандар. Мәселені зерттеген сала басшылары: «Қысымды көтеретін сорғы станциясын салу керек», - деп шешеді. Құны 1 миллиард теңгеден асатын станция құрылысы былтыр басталды. Нысан биыл тапсырылуы тиіс еді.
Ельдар Темірбеков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Үйіміз суып кетті деген тұрғындардан шағым көп түсті. Әрине, ол адамдардың айтқаны орынды. Сондықтан осы сорғы станциясын салу ең оңтайлы шешім деп таптық. Егер бұл нысан уақтылы салынып бітсе, жылумен және ыстық сумен қамту бойынша қызмет сапасы артады.Көпшілікті алаңдатқан мәселе шешіледі.
Мердігер мекеме жұмысшылары күзде жерді дайындап, бетон бұйымдарды әзірлеп, қыс бойы металл құрылымын құрастырып шықты. Жеке трансформатор қойып, іске бел шеше кіріскен. «Алайда енді республикалқ бюджетттен бөлінуі тиіс қаржы толық түспей, шаруаға қолбайлау болып тұр», - дейді мердігер.
Нұрлан Мырзабеков, мердігер мекеме менеджері:
- Бес ай болды ешқандай қаражат ала аламық. Әзірге өз есебімізден жұмысты жалғастырып жатырмыз. Керекті құралдарды алу үшін алдын ала төлемдер жасалып қойды. Бірақ қаржыландыру толық болмаса, құрылысты осы жерден тоқтатуға мәжбүрміз.
Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, қаржыландыру бойынша өтінім салалық министрілікке былтыр жолданыпты. Дегенмен, әзірге тек 300 миллион теңге ғана мақұлданған. Ол алдағы 1-2 апта ішінде түсуі тиіс. Ал қалған қаржының қашан бөлінері белгісіз. «Сондықтан сорғы станциясының құрылысы биыл емес, келесі жылы аяқталуы мүмкін», - дейді басқарма өкілдері.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Шемонаиха #сорғы станциясы #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz