Қостанайлық диқандар болса, шегірткенің көбеюінен қауіптеніп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Бір ғана Арқалық қаласының аумағында 56 мың гектар жерде зиянкестер ошағы анықталған. Оған қоса, жазда құрғақшылық болады деген болжам бар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалықтық шаруа Қазбек Мұқашев 13 мың гектар егістік алқабында ылғал жабу жұмыстарын жүргізген. Топырақтағы ылғалды жоғалтпау үшін арамшөпке қарсы жерді жыртпай, мейлінше гербицид қолдануға тырысты. «Соған қарамастан мамырағы аңызақ ыстық жел жерді тез құрғатып жатыр», - дейді. Ми қайнатар ыстыққа техника да шыдамайды. Сондықтан тек күн бата дән себуге шығады. Шаруаның көңілін алаң қылған тағы бір мәселе – киік пен шегіртке.
Қазбек Мұқашев, шаруа:
- Биыл күн ыстық. Шегіртке шығуы мүмкін. Содан қорқамыз. Сосын сайгак деген қаптап кетті қазір. Сол кіріп кетсе, быт-шытын шығарады ғой. Мотоциклмен қоршаймыз, енді былай-былай. Кзекшілік етіп, амал жоқ.
Былтыр Арқалыққа қарасты шаруашылықтардың мың гектарға жуық егін алқабы киік тұяғымен тапталды. Биыл да ондай жағдай қайталанбасына кепіл жоқ.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанайлық шаруалар егін алқаптарын киіктен қорғау үшін түрлі қаракет жасап жатыр. Бірі мотоцикл, көлікпен күні-түні күзет ұйымдастырса, енді бірі егінжайларын мынадай сым тартып қоршап, түрлі-түсті мата байлаған.
Өңірдің оңтүстік аудандарында биыл үйірлі шегірткенің де пайда болу қаупі бар. Арқалық аумағындағы 56 мың гектар жерде зиянкестердің ошағы анықталған. Қазір дернәсілдерді қанаттанбай тұрып жою үшін улау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы Арқалыққа қарасты шаруашылықтардың егістік көлемі 328 мың 680 гектарға тең. Әрине, басым бөлігі – бидай. «Бірақ жылдан жылға майлы және мал азықтық дақылдардың егістік аумағы артып келеді», - дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі.
Самал Қатешова, Арқалық қаласы Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Биылғы жылдың ерекшелігі – майлы дақылдарға және мал азықтарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы айта кетсек, майлы дақылдар 2 мың гектарға көбейді. Ал керісінше, бидай өнімдерінің егіс көлемі азайды.
Ал облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 745 мың 300 дәнді дақыл себілген. Бұл жалпы көлемнің 14,6%-і.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай #диқандар #шегіртке #егістік алқабыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz