RU
Толық нұсқаға өту

Елорда тұрғындары мектеп орнына тұрғын үй салына ма деп алаңдаулы

20.05.2025, 14:13 674

Тұрғын үй ме, мектеп пе? Елордадағы Алматы ауданының тұрғындары мектеп салынуы тиіс болған жер телімі үшін алаңдаулы.

Өйткені аумақта иін тірескен құрылыс жүріп, іркес-тіркес тұрғын үйлер салына бастаған. Ал уәде етілген мектеп пен балабақшаның құрылысы қашан басталары белгісіз. Талай табалдырық тоздырған тұрғындар нысанның құрылысы жылма жыл шегеріліп, созбалаңға салынғанын айтады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Астанадағы Тәуелсіздік және Асқар Тоқпанов көшелерінің арасында орналасқан бұл шағын ауданның тұрғындары үй жанынан жаңа мектеп пен балабақша салынуын тағатсыздана күтіп жүр. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде 2 мың оқушыға арналған білім ордасы мен 320 орындық балабақша салынуы тиіс болған. Бірақ әлеуметтік нысандардың құрылысы жыл сайын белгісіз себептермен шегеріліп келеді. Осы уақытта аумақта бірнеше тұрғын үй кешендері бой көтеріп үлгерген. Енді тұрғындар құрылыс компаниялары мектеп пен балабақша салынатын алаңға көз тігіп отыр ма деп алаңдаулы. «Ұжымдық хаттағы сауалға да әкімдік өкілдері нақты жауап бермеген», - дейді ашынғандар.

Жаңылсын Құлманова, қала тұрғыны:

- Мектеп пен балабақша салынады, бірақ тек проект. Бірақ нақты салынады деп айтылмады. Осыған байланысты тұрғындармен жиылып, осы мәселені көтердік. Әкімдер көрсін деп сендерді шақырдық.

Жаңа мектеп өткен ғасырдан қалған ескі гараждардың орнына салынуы тиіс. Алайда құрылыс жұмыстарын бастау үшін бірінші кезекте аумақтағы барлық мүлікті мемлекет меншігіне өткізу қажет. «Бұл жұмыстар тек келесі жылы қарқын алады», - дейді әкімдік өкілдері.

Әділет Тілепов, Алматы ауданы әкімдігінің инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде мектеп қарастырылған. Бірақ бүгінгі таңда бұл мектепті салу үшін гараждың иелері бар. Сол гараждарды сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл процесті тездетуге атсалысып жатырмыз. Бірақ бұл жерде мектеп орнына ешқашан тұрғын үй кешені салынбайды.

Әділет Тілеповтың айтуынша, бүгінде гараждардың тең жартысы сатып алынды. Қалған мүліктер мемлекет иелігіне толық өткен соң ескі нысандар сүріледі. Тұрғындар қозғаған мәселелер мұнымен бітпейді. Іргеде қоқыс тастауға арналған шағын аулалардың төбесі ашық жатыр. Бірі құрылыс материалдар дүкеніне, екіншісі медициналық орталыққа тиесілі.

Шолпан Раманқұлова, қала тұрғыны:

- Инелер, әртүрлі медициналық препараттар тастайды дейді. Қоршауымыз төмен болғаннан кейін балалардың добы сонда ұшып кетеді. Өткенде мысалы немереміздің өзі барып алды. Қараңғыда, фонарик жарығын жағып. Енді ол жерде жүру қауіпті.

Тағы бір түйткіл. Асқар Тоқпанов көшесіндегі аялдамаға өту жолаушылар үшін үлкен сынақ. Асыққан кезде жол ережесін бұзатын жүргінші көп. Көшенің ортасында бағдаршам түгілі жаяу жүргіншілер жолағы да қарастырылмаған. Оқушылар автобусқа үлгеремін деп жолды ортасынан кесіп жүгіруге мәжбүр. Әкімдік өкілдері жоғарыда айтылған барлық мәселені тыңдап, таяуда оңтайлы шешім қабылдайтынын айтты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz