10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжат су саясатындағы кемшін тұстарды реттеуге бағытталған. Заңнамада су үнемдеуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Үкіметтің жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай елдегі суармалы алқаптар көлемі 1 млн 300 мың гектарға жетеді. Бұл егістіктерді сумен қамтамасыз ету қажет. Ол үшін диқандарды үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру керек. Әрине, бұл түйткілдің түйінін субсидия көлемін ұлғайту арқылы шешуге де болады.
Кейінгі жылдары елде су шығынын азайтуға айрықша назар аударыла бастады. Әсіресе ауыл шаруашылығында бұл мәселе өткір тұр. Себебі судың көп бөлігін осы сала кәдеге жаратады. Былтыр ел көлемінде су үнемдеу технологиясымен жабдықталған егістік көлемі 470 мың гектарға жетті. Бұдан бөлек лазермен тегістеу әдісі де кеңінен қолданыс тапты.
Су ресурстары және ирригация министрлігі егістіктерді жаңа технологияларға біртіндеп көшіру арқылы 2030 жылдың соңына қарай жылына 2 млрд 200 млн текше су үнемдеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ диқандар жаңа әдістерді қолға алды. Мәселен, былтырдан бері гидрогель деп аталатын өнім сынақтан өтті. Ғалымдардың айтуынша, өнімнің арқасында су шығыны 37%-ке дейін кеміп, дақылдың түсімі артқан.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Күріш ғылыми институтымен, қазақ су шаруашылығы институтымен бірге тәжірибеден өтіп жатыр. Ол гидрогель дегеніміз топыраққа тыңайтқыш ретінде енгізіледі. Көктемнің басында жаңадан осы отырғызылған кезде ол топыраққа суды ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта енді бір жыл болды тәжірибе өткеніне. Бір жылдың ішінде көрсеткіш 37%-ке дейін су үнемдейді деп көрсеткіш көрсетіп жатыр.
Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу туралы тапсырма берген еді. 2026 жылға дейінгі арнайы жол картасы бекітілді. Былтыр елде 155 мың гектарда су үнемдеу технологиясы қолданысқа енді. Диқандар жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерімен қатар лазермен тегістеу тәсілін пайдаланғанды жөн көреді. Мәселен, былтыр 48 мың гектар егісте жаңбырлатып суару қолға алынды. 52 мың гектар тамшылатып суару технологиясымен жабдықталды. Ал 55 мың гектарда лазермен тегістеу әдісі қолданыла бастады.
Биыл да жұмыс жалғасын табады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сараптауына сүйенсек, бұл су шығынан 30%-ке дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазір өндіріс ошақтарынан шыққан суды да қайта кәдеге жарату жұмыстары қолға алынды.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Су ресурстарын көп пайдаланушылардың бірі болып, 65% ауыл шаруашылығы, оның ішінде 30%-і болып өндірістік кәсіпорындар болып табылады. Осы өндірістік кәсіпорындар бөлігінде суды қайта пайдалану, айналмалы қайта пайдалану жөніндегі көптеген мәселелер Су кодексінде қарастырылған. Өндірістік бөлігіндегі су пайдалануды біз 30-шы жылға қарай 20%-ке дейін көтерсек деп отырмыз. Қазіргі таңда өндіріс бізде 5,9 куб км таза суды пайдаланылады. Оның ішінде 13%-і бізде қайта өңделіп пайдаланылатындар болып саналады.
Күріш өсіруге маманданған Қызылорда облысында суды ұқыпты пайдалану өзекті екені белгілі. Сондықтан су үнемдеу технологиясы аймақта барынша енгізіліп жатыр. Өңірде лазермен тегістеу әдісі кеңінен таралып келеді. Мәселен, былтыр 55 мың гектарда осы әдіс қолданылса, биыл оның көлемі 60 мың гектарға жетпек. Соның арқасында 200 млн текше метр су үнемделді және күріштің түсімі артты. Яғни бұрын гектарына орта есеппен 40-50 центнер өнім жиналса, былтыр 80 центнерге жетті. Жаңа технологияны енгізуге Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Лазермен тегістеуші құнының жартысы мемлекет тарапынан өтеледі. Қазір облыста 120-дан астам техника бар. Бұл техниканың әлеуеті 100 мың гектарды қамтуға жетеді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Ең бірінші 2023 жылы сіздермен кездескенде әкімшілікте сіздер маған өтініш жасағансыздар. 200 гектар деген лазерное «выравнивание» сатып алған шаруа қожалықтарға субсидия төленеді ғой. Ол жерде шектеу тұрған, 200 гектар жер болмаса, субсидия төленбейді деген. Содан кейін шаруа қожалықтары маған айтты, 200 гектар шектеуді алып тастаңызшы деп. Біз оны алып тастадық Ауыл шаруашылығымен, солардың ережесі. Көлемін көтеріңіздер деді, 25-тен 50%-ке дейін. Оны да көтердік.
Яғни су үнемдеу технологияларын енгізген диқандардың шығыны азаяды. Ұңғыма бұрғылауға және су үнемдеу жүйесін орнату шығындарына төленетін субсидия көбейді. Министрлік 2030 жылға қарай республикадағы суармалы жерлердің жартысынан астамын үнемдеу технологияларымен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл 5 жылда елдегі егіс алқаптарын 1 млн 300 мың гектарға дейін ұлғайтуға жол ашады.
Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
- Бұл ретте жаңағы ұңғымаларды қазуға, құдық қазуға, инфраструктураны жүргізуге жаңа технологиялар сатып алып, орнатуға мемлекет тарапынан 80%-ке дейін субсидиялау беріледі. Оның ішінде 50%-і республикалық бюджеттен, 30%-і мемлекеттік бюджеттен бөлінетін субсидия болып табылады. Оған барлық диқаншы тапсырып, субсидия алуға құқықтары бар.
Оңтүстік өңірдегі қуаңшылық пен былтырғы тасқыннан соң жер-жерде су қоймаларының құрылысы жанданды. Әсіресе көктемдегі мол суды жинап, кәдеге жарату мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үкімет 7 жылда 2,6 текше шақырым су сыятын 42 су қоймасы тұрғызбақ. Сондай-ақ сыйымдылығы 2 текше шақырым болатын 30 су қоймасы жөнделеді. Осының арқасында су шығыны 25% азаймақ.
Тегтер #су кодексі #су шығыны #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz