Шымкентте балаларға арналған тегін үйірме ашқандар алаңдап отыр, деп хабарлайды 24KZ. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің жаңа ережесімен танысқан кәсіпкерлер пилоттық жобаны жан-жақты талқылауды талап етті. Олардың айтуынша, қойылатын шарт қатаңдатылып, керісінше, төленетін тариф төмендеп кеткен. Ал салаға жауаптылар мемлекеттік бағдарламаның әлі де зерделеніп жатқанын жеткізді. «Негізгі мақсатамыз – бәсекелесті дамыту», – дейді олар.
Жансая Жамалбек бюджет есебінен 500 баланы тегін шығармашылық үйірмемен қамтыған. Оқу-орталығының ғимаратын жалдап, жасөспірімдерді домбыра, сурет, ән мен биге баулып жүр. Алайда жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа ережесі енгізілетінін естіп, өзінің талап-тілегін айтуға келіпті.
Жансая Жамалбек, кәсіпкер:
- Ақылы негізге көшуімізге тура келеді. Себебі 5 мың теңге тарифпен қазір бізге айтылып жатқан бағамен келіспейміз. Себебі ол біздің жұмысшыларымыздың еңбекақысын, ком.услугамызды және ғимараттың арендасын мүлдем ақтамайды. Бұл жерде ата-аналардың қалтасы көтермейді. Олар әлі хабарсыз.
Кәсіпкерлердің айтуынша, үйірме қатысушылары үшін төленетін тариф үш есе төмендеп, оны алу шарттары керісінше күшейіп кеткен. Яғни бұдан былай қауіпсіздік талаптарының бірыңғай нормасы сақталуы тиіс. Турникет орнатылып, бет-әлпетті тану жүйесі болуы шарт. Өрт қауіпсіздігі мен санитариялық ережелер қатаң тексеріледі. «Бұл жаңашылдықтар үйірмелердің жабылуына алып келеді», – дейді олар.
Сымбат Ахатова, кәсіпкер:
- Көптеген өнім берушілерге өте қиын болып қалады. Бір мезетте 100 бала кіріп шықпаса, заң бойынша бізге ол заңның қолданылуы жүзеге асырылмауы керек. Бізде группалар 1 сағаттан таңертеңнен кешке дейін группалар қабылданады ғой.
Шымкентте шығармашылық үйірмелерге 22 мыңнан астам бала барады. Олардың жан-жақты қабітін дамыту үшін бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінген. Бірақ электронды жүйе арқылы тағы 12 мың жасөспірім кезекте тұр. «Салаға жауаптылар алаңдауға негіз жоқ», – дейді. Қазір пилоттық жобаны енгізудің алдында жан-жақты талқылау мен зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Тариф 15 мыңнан кем болмайды. Барлық облыс-қалаға бірдей емес. Әр өңірдің өз тарифі болады. Бұл бір. Екінші қазір қарастырылып жатқан пилоттық жобаға байланысты тіпті жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру кейбір үйірменің тарифіне бекітіледі. Ол да қарастырылып жатқанын айтқым келеді.
Пилоттық жоба мемлекеттік бағдарламаны одан әрі жетілдіруді мақсат етеді. Толық әзірленгеннен кейін Астана мен Шымкент қалаларына енгізіледі. Нәтижесінде үйірмеге қатысушы балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі күшейтіліп, бәсекелестік ортаның дамуына жол ашатынын айтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #Шымкент #тегін үйірме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz