RU
Толық нұсқаға өту

Шіркейге қарсы күрес: Сырдарияға 111 тонна биопрепарат құйылды

20.05.2025, 21:40 587

Түркістан облысында шіркейлердің көбеюіне қарсы кешенді шаралар белсенді түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекендерде химиялық және биологиялық әдістер қатар қолданылып жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген.

Отырар ауданындағы аспалы көпір маңынан Сырдария өзеніне 111 тонна «Бактицид» биопрепараты құйылды. Залалсыздандыру жұмыстарына 12 арнайы техника, 6 қайық және 28 маман тартылған. Мамандардың айтуынша, қолданылатын дәрі көлемі өзен суының ағысы мен Көксарай су қоймасынан шығатын судың мөлшеріне қарай есептеледі. «Қолданылған ерітінділер экологияға зиян келтірмейді. Керісінше, шіркейлердің санын айтарлықтай азайтады», – дейді мамандар. Биологиялық өңдеуден бөлек, аймақта барьерлік химиялық залалсыздандыру да қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар термоөңдеу және әуе дрондары арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде Сырдария жағасынан 20-50 шақырым радиуста орналасқан ауылдарда шіркейлердің саны күрт төмендегені байқалады. Мұны жергілікті тұрғындар да растап отыр. Зиянкестерге қарсы жұмыстар Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Сауран және Отырар аудандарында жүргізіліп жатыр.

Хайрулла Баймырзаев, Отырар ауданы Көксарай ауылының тұрғыны:

- Біз «Шіркей» деген чат ашқанбыз, оған Сырдың бойындағы 6 ауыл тіркелген. Қай ауылда не болып жатқанын біліп отырамыз. 3 жыл бұрынғыны айтып жатырмын. Соның 2 жылы нәтижесіз болды. Ғалымдармен тығыз байланыста болдық. Ол кісілер де кей нәрсені нақты біле алмай жатты. Бұл кісілер де тәжірибе жинады ма, биылғы нәтиже өте жақсы. Келесі жылы да осы қаржы бөлініп, тәжірибе жинаған мамандар бұдан да жақсы жұмыс істейді деген халықтың сенімі бар.

Жанәділ Айтбеков, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Биологиялық және химиялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда біз дәрі құю нүктелерін бір-біріне жақындаттық. Ғылыми сүйемелдеу тобы шіркей дернәсілдері мен санын анықтау бойынша жұмыстарды күнде жүргізіп жатыр. Сол кісілердің берген қорытындысына сәйкес біз қай жерде шіркей саны басым, сол жерді биологиялық дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz