RU
Толық нұсқаға өту

Арқалықта бос қалған үйлер жөнделіп жатыр

22.05.2025, 07:50 363

Арқалықтағы кезінде қаңырап бос қалған көпқабатты  үйлер мен ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жыл басында 5 қабатты бір үй бастан-аяқ жөнделіп, 48 отбасы баспаналы болды. Тағы бір үй биыл тапсырылады. Одан бөлек, бірнеше спорттық нысан пайдалануға беріледі.

Арқалықтың орталығында есік, терезесі үңірейіп, иесіз бос тұрған 10 шақты көпқабатты үй болатын. Бүгінде соның жетеуі жөнделіп, кезекте тұрғандарға, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына берілді. Бұл, шамамен айтсақ, 350-400 пәтер. Сол баспаналардың бірі бес баланың анасы Айсұлу Қызбикинаға бұйырыпты.

Айсұлу Қызбикина, қала тұрғыны:

- Біраз жыл күттік, 2009-дан бері үйдің кезегінде тұрғам. Енді 2025-тен бастап осы әкімшілік көпбалалы ана ретінде алып отырмын. Төрт бөлмелі үй, 82 шаршы метр. Өте қуаныштымын. Үйдің іші жылы, жарық, бәрі «ремонтымен».

Биыл 54 пәтерлі тағы бір үйді жөндеу жұмыстары басталды. Ол жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Осы екі үйді қалпына келтіруге бюджеттен 2 миллиард тенгеге жуық қаржы жұмсалған. Енді қалған 3 үйдің құжаттары дайындалып жатыр. Қалалық әкімдік қызметкері Жанат Құрмашеваның айтуынша, қайта жөнделген пәтерлер әзірге жалға беріледі.   

Жанат Құрмашева, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Ай сайынғы төлейтін төлемақы әзірге анықталған жоқ. Бір шаршы метрге жобамен 159 тенге деп белгіленеді. Жекешелендіру мәселесі бойынша 1-ші, 2-ші топ мүгедектері жекеге өтеусіз ала алады. Ал қалған тұрған санаттағы азаматтар бұл үйді бөліп төлеу арқылы қалдық құнымен сатып ала алады.

Әбден тозығы жеткен әлеуметтік нысандар да бірте-бірте іске жаратылып жатыр. Бұрынғы Ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты жергілікті университеттің оқу корпусына айналады. «Қазақстан» кинотеатры спорт кешені ретінде қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ Арқалықта өңірде жоқ спорт интернаты пайда болады.

Өміржан Әбдібеков, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Интернат 120 балаға арналады. Спорт, өнері бар бала осында оқып, осында жатады. Ол құр Арқалық қаласының тұрғындары емес, спортта дарынды балаларға осында келіп жатуға болады.

Арқалықта 1246 адам баспана кезегінде тұр. Ескі үйлерді жаңғырту арқылы бұл мәселе толық шешілмесі анық. Сондықтан қала әкімдігі бұрың сүріліп тасталған 7-ші, 9-шы шағынаудандар аумағынан жеке үй салуға жер бөлу мәселесін қарастырып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz