Елордада балалардың терезеден құлау дерегі жиілеп кетті, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр 5 айда 6 бала құлап кетсе, биыл осындай 22 оқыс оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, 5 бала көз жұмды. Бала қауіпсіздігі жайлы ұдайы айтылғанымен, қайғылы оқиғалар неге тыйылмай тұр?
Екіден 10 жасқа дейін. Терезеден абайсыз құлап кететін балақайлардың жас шамасы осындай. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға статистикасы биыл бес айда 4 есе өскен. Сол себепті Астанадағы Есіл ауданы төтенше жағдайлар басқармасы, полиция және волонтерлер бірігіп, арнайы рейд ұйымдастыруды жөн көрді.
Сағдат Әнес, Есіл ауданының ТЖБ бастығының орынбасары:
- Негізі осы оқиғалардың себебі – сол балаларды жалғыз қалдыру. Яғни қараусыз қалдыру дейміз. Кейбір жағдайларда өздері ұйықтап қалады ата-аналар. Соның салдарынан балалар қараусыз қалып, терезелерді ашық қалдырады. Одан қалды москитный сеткалар. Ата-аналар көбінесе соған сенеді балаларды ұстап қалады деп. Негізінен ескерткім келеді, москитный сеткаларға мүлде сенуге болмайды. Яғни ол балалардың салмағын көтере алмайды.
Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға арнайы терезе бұғаттағыш орнату туралы шешім қабылданған. Рейд барысында құтқарушылар Пригородный тұрғын алабындағы бірнеше отбасыға барып, құрылғыларды тегін орнатып берді.
Айман Мекембаева бес баланың анасы. Кезекпен алған баспанаға көшіп келгелі көп болған жоқ. Пәтері жоғарғы қабатта болғандықтан, балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын жасырмады. Бүлдіршіндердің терезен құлап жазым болғанын жаңалықтардан естігенде тіптен уайымдап кететінін айтады.
Айман Мекембаева, көпбалалы ана:
- Жаз айында балалардан қорқамыз. Терезесі бар, несі бар, секіріп шығады. Бала аты бала ғой. Түсінбейді. Кейде өзіміз қараймыз. Үйде балаларды жалғыз тастамаймыз. Енді әрбір ана үшін өте ауыр. Құдай ана мен баланы сынамасын. Өз басым көргенде қорқамын. Неден көріп қаламын. Кәдімгідей көріп қаламын, кейде терезеге қарап тұрғанын, шығып тұрғанын. Біз ондай жағдайда бірден түсіріп аламыз да, чатымызға жібереміз.
Жыл басынан бері астаналық құтқарушылар әлеуметтік аз қамтылған 65 отбасының үйінде осындай терезе бұғаттағыштар орнатты. Бұдан бөлек, аулаларды аралап қауіпсіздікті сақтау жолдарын айтып түсіндіреді. Ауладағы ересектер бұндай рейдтік шараларға түсіністікпен қарайды, тіпті ризашылығын білдіретін қариялар аз емес. Бірақ үш мың теңгенің бұғаттауышын қойдырған үйлерді байқамадық.
«Байлығым балам» дейтін тұрғындар мұндай іс-шараның жүйелі өткізілуін құптайды. Алайда бала қауіпсіздігі құтқару қызметінің құзырындағы мәселе емес. Ата-ананың мойнына жүктелген жауапкершілік екенін естен шығармаған жөн.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мерей Талап
Тегтер #елорда #терезеден құлау #бала қауіпсіздігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz