RU
Толық нұсқаға өту

Қостанайда «Әлеуметтік әмиян» жобасы тиімділігін көрсетті

22.05.2025, 22:31 240

Осыдан бір ай бұрын Қостанай қаласындағы бес мектепте тәжірибе түрінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді.

Жаңа электронды жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мектепте әр оқушы қашан, қалай тамақтанғанын, ұстаздар қауымы, ата-ана азық-түлікпен жабдықтаушылар, бірыңғай платформадан бақылап, көріп отырады.

Қостанайдағы №6 мектеп «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асырып жатқан білім ордаларының бірі. Мектеп асханасына кіреберісте адамды бет-жүзінен анықтайтын Face ID  бағдарламасы орнатылған. Электронды жүйе әр баланы тіркеп, есепке алып отырады. 

Динара Жиенғалиева, №6 жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары:

- Экраннан неше бала тамақтанғанын көре аламыз. Және осал топтарының сандары көрсетіледі. Және баланың тегі, аты-жөні, уақыты көрсетіледі. Ата-аналар өз жеке кабинетінде баланың қанша, қашан, уақытын және неше күн тамақтанғанын соның бәрін біледі.

 «Әлеуметтік әмиян» жобасының артықшылығы, оның ашықтығы мен айқындығында. Яғни халықтың белгілі бір тобына бөлінген мемлекеттің қолдау қаржысы қайда, қалай жұмсалғандығынан жалпақ жұрт хабардар болып отырады.

Екатерина Куркина, қала тұрғыны:  

- Бұл мектепте менің үш балам оқиды. Жаңа бағдарлама қолданысқа жеңіл. Мен өзім кез келген уақытта егов мобайл қосымшасы арқылы кіріп, балаларым қашан тамақтанып, не жегендерін біліп, көріп отырамын. Бір жағынан алаңсыз, жаным тыныш.

Бұл жоба бұрын ай сайын қағаз жазып, табель толтыратын сынып жетекшілерінің қолын босатты. Одан кейін әр баланың тамақтанған күнін, уақытын электронды жүйе есепке алып отыратындықтан қаржыға да біршама үнем. 

Алтынай Бектұрғанова, Қостанай қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

- Мемлекет үшін де, ата-аналар үшін бәрі ашық. Қанша бала тамақтанды, сонша ақша аударылады. Ал оқушы қандай да бір себеппен келмей қалса, тиесілі ақы мектептің есеп-шотында қалады. Сондықтан бұрмалау, қосып не кемітіп көрсету мүмкін емес.

Қостанай қаласы бойынша 15 мыңнан астам оқушы мемлекет есебінен тегін тамақтанады. Ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы алдағы оқу жылынан барлық мектептерде жүзеге асырылады.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz