Павлодар қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген алғашқы мектептің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Жаңа мектеп «Достық» шағын ауданында орналасқан. Ауданның қарқынды дамуы мен халық санының артуы білім беру мекемелеріне деген сұранысты арттырды.
Қазіргі таңда ондағы 500 бала басқа мектептерге қатынап оқиды. Бірыңғай мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп осы олқылықтың орнын толтырады.
Павлодарда жаңа мектептер орын тапшылығы өткір тұрған аудандарда салынып жатыр. Солардың бірі – құрылысы қарқын алған «Достық» шағын ауданы. Небәрі бір жылда іргесі қаланған 1200 орындық «Жайлы мектеп» жаңа оқу жылында алғашқы шәкірттерін қабылдайды.
Валерий Левченко, құрылыс компаниясының басшысы:
- Құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Қазір кабинеттерге қажетті құрал-жабдықтарды орналастырып жатырмыз. Бұл біз үшін ерекше жоба болды, сондықтан әр бөлшегіне мұқият қарадық. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Киім шешетін орын, оқулықтар, тіпті шаңғы мен конькиге дейін алынған. Әрине, бұл – пилоттық жоба, қиындықтар да болды.
Қазір мектепке құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Оқушылар үшін екі спорт залы, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, 352 орындық асхана, 45 санитарлық торап және 70 оқу сыныбы қарастырылған. Ауласында хоккей корты, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар.
Александр Кулибакин, жоба жетекшісі:
- Мектептің спорттық инфрақұрылымы қазіргі заман талабына толық сәйкес келеді. Халықаралық талаптарды ескере отырып салынған спортық нысандарда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.
Жаңа мектептің тағы бір ерекшелігі – бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жеке есіктерден кіріп-шығады. Қауіпсіздікке баса мән берілген. Мектеп ішінде 152 бейнекамера орнатылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған бұл нысан сапалы білімге жол ашады және оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада оқуына мүмкіндік береді.
Самал Айтқазина, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:
- Достық ықшам ауданы – жаңа ықшам аудан. Сондықтан да ол жерде құрылыс қарқынды әлі де жүріп жатыр. Бүгінгі оқып жатқан 500-ге жуық оқушы басқа қаланың мектептеріне тасымалдаумен және де мына қоғамдық көлікпен жетіп жатқан жайы бар. Сондықтан да осы ықшам ауданындағы балалар осы жайлы мектепке барады деп жоспарлап отырмыз. Оқыту тілі қазақ тілінде болады. Бүгінгі таңда мың бала бізге жазылып отыр.
Жобаның құны 6,5 миллиард теңгеге түскен. Оның 1 миллиарды материалдық-техникалық базасын жабдықтауға жұмсалыпты. Алынған бұйымдардың 80%-і отандық өнімдер. Павлодарда осы жобамен 600 орындық тағы бір жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жайлы мектептерге іріктеуден өткен біліктілігі жоғары педагог кадрлар тартылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #Павлодар #Жайлы мектеп #құрылыс #ұлттық жобаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz