RU
Толық нұсқаға өту

Державинск қаласындағы ескі үйлер жөнделіп жатыр

23.05.2025, 08:54 271

Ақмола облысының Державинск қаласында көпқабатты ескі үйлерді қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Игі бастама 2008 жылы басталған. Сол уақыттан бері 600-ден астам  отбасы баспаналы болды.

Қазір шағын шаһарда 80 пәтерлі тағы бір үй жөнделіп жатыр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Қазір Державинск қаласында осындай қаңырап тұрған ескі көпқабатты үйлер өте көп. Есік, тересі қирағанымен, көбінің іргетасы мен қабырғасы әлі күнге дейін бүтін. Сол себепті жергілікті билік өкілдері осы үйлерді қайта осылай қылып қалыпқа келтіріп, халық игілігіне тапсырып жатыр.

Жаңа қонысқа қол жеткізгендердің бірі – Дана Гизатуллина. Көпбалалы ана пәтер кезегінде 9 жыл тұрған. Былтыр оның көптен күткен арманы орындалып, қос бөлмелі баспана алды.

Дана Гизатуллина, Державинск қаласының тұрғыны:

- Мен үшін және балаларым үшін бұл – үлкен қуаныш. Осындай жаңа, жайлы баспана алдық. Бұл үйлер бәрібір қаңырап бос тұрды ғой. Енді міне, арнайы жөнделіп, біз сияқты көпбалалы аналарға беріліп жатыр. Өте қуаныштымын.  

Қаз-қатар тізілген көпқабатты ескі үйлер 1970 жылдары салынған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұрын бұл жерде жабық әскери қалашық болыпты. Кейін 90-жылдары әскери бөлім жабылып, қызметкерлер пәтерін тастап кеткен. Содан бері бұл баспаналар қаңырап бос тұр. Ал, үйлерді қалыпқа келтіру барысында алдымен ғимаратқа сараптама жасалып, жарамдылығы анықталады

Сергей Макрдумян, Жарқайың аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл үйлердің қаңқасы дайын болған соң қалыпқа келтіру оңай. Жаңа баспана салуға қарағанда бағасы да әлдеқайда арзан. Қазір біз 80 пәтерлі тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстарын аяқтап қалдық. Маусым айының басында халық игілігіне беруді көздеп отырмыз.

Қазір шағын шаһар сәулетінің сәнін кетіріп тұрған көпқабатты 30-дан астам ескі үй бар. Өкінішке орай олардың тек 15-і ғана мемлекет меншігінде. Ал қалғандары кезінде жекеге сатылып кеткен. Жөнделген пәтерлер көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға, сондай-ақ бюджеттік мекеме қызметкерлеріне үлестіріледі. Қазір қалада 388 адам пәтер кезегінде тұр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгенйи Шинкарнко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz