RU
Толық нұсқаға өту

Шемонаиха қаласын газбен жабдықтау қызметі тоқтады

23.05.2025, 13:12 232

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласында газбен жабдықтау қызметі жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, мыңнан астам абонент көгілдір отын желісінен ажыратылды. Мамандардың айтуынша, бұндай шешім бекерден шығарылған жоқ. Соңғы жүргізілген сараптама қорытындысына сай қаладағы газ тарату желісі әбден тозып кеткен. Демек оны әрі қарай пайдалану аса қауіпті. Енді орталықтандырылған газ жүйесінің тұтунышулары не істемек?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Шемонаихада сұйытылған газбен жабдықтау қызметін 1040 адам тұтынып келді. Орталықтандырылған көгілдір отын тек тұрмыстық мақсатта ас үйде ғана қолданылды. Дегенмен, жергілікті жұрт үшін мұның өзі үлкен маңызға ие. Әсіресе, қарттар электр желісіне қарағанда газды пайдалану анағұрлым тиімді әрі арзан екенін айтады.

Юрий Иванов, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Әрине, ас үйде газбен тамақ істеген тиімдірек. Оның үстіне бұл қызметтің ақысы да арзан. Бір текше метрі 800 теңге. Енді мінекей, мына плита маған жарамайды. Бір қақпағы ғана электр желісімен жұмыс істеуге жарамды, сондықтан басқа құрылғы алып, тоқ көзін тартуым керек.

«Бұдан басқа амал да жоқ», - дейді сала өкілдері. Өйткені осыдан 50 жыл бұрын төселген газ тарату жүйесінің кетеуі кеткен. Бұған соңғы сараптама нәтижесі дәлел. Мәселен, газ сақтайтын резерувардан бастап оны тарату қондырғыларына дейін әбден тозып, металл құрылғылар шіри бастаған. Бүкіл жүйе технологиялық талаптарға қайшы. Жазда газ қысымы тіпті жоғарлайды. Сондықтан тексеру жүргізгендер оны ары қарай пайдалану аса қауіпті екенін айтып, қызметті тоқтату туралы ұйғарымға келді. Газ тасымалына жауапты компания өкілдері де бұл шешімді мақұлдайды.

Жомарт Жанпейісов, Газбен жабдықтау компаниясының директоры:

- Уақыты келді, негізі құбырлардың уақыты 30 жыл екен. Сол қағаз бойынша біз газды тоқтаттық. ГРҚ бәрін жаптық, қалған адамдарға қауіп төнбес үшін газдың бәрін тоқтаттық. Енді басқа сараптама жасалып жатса, әлі де газ тасымалдауға дайынбыз

Шешім туралы тұрғындарға алдын ала хабарланды. Бастапқыда алаңдаушылық танытқанмен, қауіп-қатердің жоғары екенін білген жұрт жаппай газ құбырын жапқызған. Енді электр қуатын тұтынушлар саны күрт артады деген сөз.

Мұрат Желдібаев, Шемонаиха қаласының әкімі:

- Халық электр пештеріне ауысып жатыр. Енді электр кабельдерінің жағдайы қорқынышты. Бірақ оны бақылауда ұстап отырмыз, егер бірдеңе шықса, уақытында ауыстыруымыз керек. Қуаты жеткілікті, неге десеңіз, әрбір трансформаторлық подстанциясының жүктемесі 60-70%.

«Газдандыру жүйесін тұтастай жаңарту ұзақ уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді», - дейді мамандар. Мың абонент үшін бұндай қадамға бару экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені түсінікті. Сондықтан алдағы жылдары Шемониахаидағы көпқабатты үйлердің қайтадан орталықтандырылған газға қосылуы екіталай.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz