Елордада «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар мен 100-ден астам кішкентай бүлдіршін бас қосты, деп хабарлайды 24KZ. Дәстүрлі фестиваль Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы Мемлекет басшысының бастамасымен 5 жыл бұрын қолға алынды. Содан бері ЭКҰ әдісі арқылы 10 мың сәби дүниеге келді. Қазір елімізде репродуктивті денсаулыққа көңіл бөлініп жатыр. Заманауи технологиялар мен дәрігерлердің біліктілігі арқасында бедеулікті емдеу, тіпті табиғи жүктілікке қол жеткізу мүмкіндігі артты.
Динара Бекетаева, ата-ана:
- Қызымызды ұзақ күттік, 11 жыл бойы күттік. Кейбір отбасыларға ол ұзақ мерзім. Аллаға шүкір, үшінші әрекеттен біз қызды болып отырмыз. Үлкен рақметімізді, алғысымызды білдіреміз. Осындай жобалар, осындай мүмкіндік көбірек бола берсе дейміз.
«Мәриям» қоры 20 сәбидің өмірге келуіне себепші болды
«Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына түрлі жағдайға байланысты іліне алмайтын отбасыларға тегін ЭКҰ жасауға болады. Оған қайырымдылық қорлардың үлесі зор. 2023 жылы құрылған «Мәриям» қоры 20 әйелдің ана болуына септесті. Қордың негізін қалаушы Ләйлә Сұлтанқызы әсіресе былтырғы жыл жемісті болғанын айтады.
Ләйлә Сұлтанқызы, «Мәриям» қайырымдылық қорының негізін қалаушы:
- «Аңсаған» сәби мемлекеттік квотасын ала алмайтын отбасылардың көп екенін көре отырып, біздің қорымыз сондай отбасыларға көмектеседі. Біз ай сайын 1-2 отбасыға тұрақты түрде қамқоршылық кеңесінің кеңесімен көмектесіп отырамыз. Сондықтан осы эфир арқылы мейірімді жандарға алғыс айтқым келеді.
Тегтер #Аңсаған сәби #ЭКҰ әдісі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz