RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетауда рәміздер күніне орай патриоттық акция ұйымдастырылды

04.06.2025, 22:00 281

Көкшетауда да Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық акция ұйымдастырылды. Бұқпа тауының баурайында өткен ауқымды шараға Елтаңба авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков келді. Белсенді жастар мен әскери қызметкерлер де қатысты. Жалпы облыс бойынша 500-ден аса шара өтті. Өңірдің дамуына айрықша үлес қосқан үздіктерді облыс әкімі марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Шарада аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сан саланың өкілдері де марапатталды. Олардың бірі кешегі су тасқыны кезінде ерлігімен түскен құтқарушы болса, тағы бірі ұлағатты ұстаз, жалынды жастар мен даңқты спортшылар да сый-құрметке бөленді.

Дастан Қойшыбаев, облыстық ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:

- Өзім құқық қорғау органдарында ғана қызмет етіп қоймай, спортпен де шұғылданып, мемлекеттік дәрежеде әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым және осы жылы Азия чемпионы атандым. Халықаралық ареналарда көк туымызды желбіреткенімізге қуаныштымын. Рәміздер күні құтты болсын.

Ал шараның басты қонағы – Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков. Мәртебелі мейман ел таңбамыздың тарихына тереңірек тоқталып, рәміздер күнінің маңыздылығын атап өтті.

Жандарбек Мәлібеков, ҚР Елтаңбасының авторы, сәулетші:

- Елтаңбамыз елдікті, еліміздің тұтастығын, бірлігін білдіреді. Ұлы даламыздың философиясы жазылған Елтаңбаның ішіндегіні осы жастар, қатысушылар көріп, біліп отыр. Сондықтан біздің Елтаңбамызда Көкше өңірінің, Ақмола облысының барлық ата-бабалардан келе жатқан киелі, қасиетті жерлерінің бәрі көрсетілген.

Патриоттық акция мерекелік концертке ұласты. Жалпы өңірде рәміздер күніне орай 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz