RU
Толық нұсқаға өту

Керқұландар 200 жылдан кейін қазақ даласына оралды

05.06.2025, 20:24 501

Керқұландар қазақ жеріне оралды. 200 жыл бұрын жойылып кеткен жабайы жылқылар кеше Торғай жазығына жіберілді, деп хабарлайды 24kz.

Жануарлар Мажарстан мен Чехиядан әкелінген. Оларды Арқалық қаласындағы әуежайға әскери ұшақтар жеткізді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- 3 маусым күні Арқалық таңы ерте атты. Күн ұясынан шықпай тұрып Қазақстан делегациясы қала сыртындағы әуежайға келіп алған. Олардың арасында жауапты министрлік өкілдері, жабайы жануарларды тасымалдауға машықтанған арнайы мамандар мен дәрігерлер бар. Сағат жеті жарымда керқұландар тиелген алғашқы ұшақ қазақ топырағына қонды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Кертағылар қазақ даласына оралып жатыр. Жаңа ғана 7 бас жылқы тиелген ұшақтар Арқалыөқ әуежайына келіп қонды. Қазір мамандар олардың денсаулығын тексеріп жатыр. Егер ешқандай кінарат табылмайтын болса, олар Алтын дала қорығының аумағындағы арнайы қоршауға жіберіледі. Ол жерде бір жыл бойы Қазақстанның табиғатына, ауа райына бейімделуі керек.

Керқұланның төртеуі Hortobágy ұлттық паркінен, қалған үшеуі Прага зоопаркінен келген. Алғашқы бортта осы табиғи ортада өскен жылқылар болды.

Арпад Медгиеси Гергели, Hortobágy ұлттық паркінің директоры:

- Прага зообағынан келген жануарлар мен біздің ұлттық парктен келген жылқылардың айырмасы жер мен көктей. Мажарстанда олар адамдардан аулақ жүреді. Сондықтан жабайы табиғатқа тезірек бейімделеді. Біз жылқыларды таңдағанда бір-біріне туыс болмауын қатаң қадағаладық. Себебі, жануарлардың қаны араласпауы керек. Сонда ғана популяция дамиды.

Керқұландарды қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстары былтыр басталған. Ауқымды жобаны бірнеше елдің табиғат қорғау ұйымдары, зообақтар мен ұлттық парктері тізе қосып атқарып жатыр. Ол үшін арнайы келісімге қол қойылған.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Бағдарлама 2027 жылға дейін жалғасады. Барлығы 60 бастай әкелу жоспарлануда. Бүгінгі күні тағы жеті бас келсе, 14 бас болады. Ұшақтың жағдайына байланысты. Чех армиясының ұшағымен әр ұшаққа 4 бас қана сыятын болып тұр. Енді болашақта үлкенірек ұшақпен мүмкіндік қарастырып жатыр. Сол кезде 20 басын бірақ алып келетіндей, келесі жылдары сондай келіссөздер жүріп жатыр.

Жануарлар арнайы жүк көліктеріне толық тиеліп болған соң Әліби жерсіндіру орталығына дейінгі ұзақ сапар басталды. Жол бойы ветеринарлар бірнеше рет тоқтап, керқұландардың жағдайын бақылап отырды. Сайын даладағы көліктер керуені 5 сағаттан соң тоқтады. Бұл жерде кертағылар қаумал, яғни, арнайы қоршалған аумаққа салтанатты түрде босатылды.

Барбора Добиасова, Прага зообағының тұяқтылар бөлімінің кураторы:

- Жылқыларды бірден жабайы табиғатқа жібермей, қоршауға қамаймыз. Себебі, оларды жерсіндіру оңай емес. Жануарлар алдағы уақытта бақылауда болуы керек. Алғашқы жылда керқұландардың күйі жақсы болуы маңызды. Сонда ғана олар климатқа да, жергілікті азыққа да бейімделіп кетеді.

Керқұлан әлемдегі жабайы жылқыдан қалған жалғыз тұқым. Ол XX ғасырдың ортасына қарай табиғаттан жойылып, тек зообақтарда қалды. Биыл ғана бір жыл бұрын әкелінген жануарлар Торғай жазығына жіберілді. Енді олар Алтын дала резерваты қызметкерлерінің бақылауында болады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz