RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да 12 жаңа сейсмикалық станция орнатылады

09.06.2025, 08:10 478

Шығыс Қазақстан облысында алдағы үш жыл ішінде 12 жаңа сейсмикалық станция іске қосылады. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Мұндай шешім 75 елді мекеннің жер сілкінісі қаупі жоғары аймақта орналасуына байланысты қабылданып отыр. Қазіргі таңда өңірде бар-жоғы екі сейсмикалық бақылау станциясы ғана жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, бұл сандар сейсмикалық қауіптің нақты картасын жасап, жерасты дүмпулерін ертерек болжауға жеткіліксіз. Сонымен қатар облыста 2 мыңнан астам тұрғын үй мен 300-ге жуық нысан сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталған. Қазіргі таңда бұл ғимараттар бойынша техникалық сараптама мен құжаттау жұмыстары басталғалы отыр.

Шығыс Қазақстан елімізде жер сілкінісі қаупі жоғары бес өңірдің қатарына енеді. Сондықтан өлкеде сейсмикалық жағдайдан хабар беретін 11 дабыл қағатын құрылғы жұмыс істейді. Олардың кейбірі тіпті үй ауласына қойылған.

Ақылды құрылғының тоғызы Өскеменде, ал қалғаны Алтай, Самар, Катонқарағай аудандарына орнатылған.

Нұрболат Өтеев, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

- Жер сілкінісі өткеннен кейін бізге бірден ақпарат береді. Онлайн режимде жұмыс істейді. Электр қуаты болмаған жағдайда арнайы генератор іске қосылады.

«Дегенмен ұлан-ғайыр өңір үшін 11 датчик пен екі сейсмикалық бекет тым аздық етеді», – дейді мамандар. Сондықтан алдағы үш жыл ішінде аймақта 12 станция ашылады. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер мен нысандардың жер дүмпуіне қаншалықты шыдас бере алатыны да тексеріледі. Сейсмикалық белдеусіз салынған ғимараттар саны анықталады. Бұл үшін екі жылға жоспарланған құжаттау іс-шаралары жүргізіледі.

Гүлмира Сәтбаева, ШҚО Құрылыс,сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Ағымдағы жылы паспортизациялау жұмыстары жоспарланып отыр. Қаржы көлемі 2025 жылға 580,7 миллион, 2026 жылға 958,4 миллион теңге  қарастырылған.

Алдын ала мәлімет бойынша сейсмикалық осал деп танылған 2 мыңнан аса көпқабатты үй мен 300-ге жуық әлеуметтік нысан бар. Болашақта олардың барлығында нығайту, бекіту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жалпы жыл басынан бері облыста 2-4 балл аралығында 3 жер сілкінісі тіркелген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz