Алаяқтар банктерді қойып, мемлекеттік мекемелердің атын жамылуға көшті, деп хабарлайды 24KZ. Олар тіпті Қаржы мониторингі агенттігінің атынан тұрғындарға жалған хабарлама жіберіп, тексеріс жүргізілетінін жеткізеді. Кейін дербес деректерді талап етеді. Мамандар мұндай хабарламаларға сенбеуді ескертіп отыр.
Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан жолдаған хабарламада тексеріс үшін құжаттар тапсырып, серіктес болуға шақырады. Тұрғындарды сендіру үшін мекеменің логотипі бар жалған бланкі жібереді. Тіпті онда қолдан жасалған мөр басылған. Артынша қоңырау шалып, банк шоттары жайлы мәліметтерді сұрайды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Қаржылық мониторингі агенттігі мұндай тексерулер жүргізбейді және телефон арқылы қоңырау шалмайды. Ақпараттың шынайылығын тексеру үшін Қаржылық мониторингі агенттігіне немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгініңіз.
Заңгер Гүлайым Антаеваның айтуынша, кейінгі кездері осыған ұқсас қитұрқы әрекеттің құрбаны болғандар көбейген. Алаяқтар түрлі мекемелердің немесе жеке тұлғалардың атынан хабарласып, тұрғындарды сан соқтырып кетіп жатыр.
Гүлайым Антаева, заңгер:
- Қазір тіпті интернеттегі сіздің фотоларыңызды пайдаланып, видеодан даусыңызды алып, жазбалап, ЖИ арқылы бейнеқоңырау да жасап жатыр. Сіз міндетті түрде «Маған осындай күмәнді адамдар хабарласып жатыр», – деп 102-ге звондаңыз. Бізде өзіндік қауіпсіздік деген отдел бар. Ол міндетті түрде тіркейді. Арыздарыңызды қарайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша биыл алғашқы екі айдың өзінде 4 мыңға жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 700-і жалған қызмет ұсыну болса, 600-і қаржы құрылымдарының атынан қоңырау шалуға қатысты болып жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров
Тегтер #Заң мен тәртіп #алаяқтар #Қаржы мониторингі агенттігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz