RU
Толық нұсқаға өту

Диқандар: Биыл судан тарыққан жоқпыз

19.06.2025, 08:35 327

Биыл елде су мол. Оған халықаралық деңгейдегі келіссөздер нәтижесі оң әсер етіп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Мысалы, Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан «Бахри Точик» су қоймасын бірлесе пайдалану туралы хаттамаға қол қойды. Тәжікстандағы бұл су қоймасының Орталық Азия аймағындағы рөлі ерекше.

Нысан Сырдарияның бойында тұр. Енді суару маусымы ең қызған шақта осы су қоймасынан елге 491 млн текше метр су келмек. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Су молдығының арқасында оңтүстіктегі диқандар алғашқы өнімін де жинап үлгерді.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Бұдан екі жыл бұрын оңтүстіктегі диқандар егістікке су таппай қиналған еді. Қазір су бар.

 

Диқандар судан тарыққан жоқ

Суару маусымы басталғалы оңтүстіктегі диқандар тіршілік нәрінен тарыққан жоқ. Мәселен, осы уақытқа дейін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының диқандарына 3 млрд 73 млн текше метр су берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 335 млн текше метрге артық. Қазір бес облыстағы 348 мың гектардан астам егістік алқабы толық суарылды. Мұның ішінде басым бөлігі Қызылорда мен Түркістан облыстарына тиесілі. Бұл жерде Қызылорда облысының үлесінде 126 300 гектар болса, Түркістан облысында 119 900 гектар бар. Қазір қолда бар суды тиімді қолдану мақсатында арнайы жұмыстар қолға алынды.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Бүгінде ведомство мамандарынан төрт жұмыс тобы құрылды. Олар суды заңсыз пайдалану фактісін анықтап, суды үнемдеу және бөлу жұмыстарына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, ылғалсүйгіш дақылдар алқабын қысқарту және түнгі суару әдісінің маңызын түсіндіру іс-шаралары қолға алынды. Каналдар арқылы суды кезекпен жіберу кестелері әзірленіп, қолданысқа енгізілді.

 

158 мың га алқапта су үнемдеу технологиясы енгізілді

Жаңа су кодексінде «көлеңкелі» су нарығымен күрес мәселесі жан-жақты қамтылған. Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысындағы Жаушықұм алқабынан тіркелмеген 24 сорғыны анықтады. Жалпы биылғы жылдың І тоқсанында инспекторлар 20 тексеру жүргізді. 26 заңбұзушылық анықталып, 13 млн 300 мың теңге айыппұл салынды. «Көлеңкелі» нарықпен күресумен қатар, үнемдеу технологияларын қолдануға ден қойылып отыр. Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу туралы тапсырма берген еді. Диқандар жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерімен қатар лазермен тегістеу тәсілін пайдаланғанды жөн көреді.

Ақерке Молдабек, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:

- Су ресурстарының 65%-і ауыл шаруашылығы пайдаланылады. Қазіргі таңда осы экологиялық климаттық жағдайға байланысты су үнемдеуді біз күшейтіп жатырмыз. Оған қатты көңіл бөліп жатырмыз. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы бөлігінде бізде көбінесе тамшылатып суару мен жаңбырлатып суару технологияларын пайланылады. Соңғы кезде Қызылорда облысында лазерлік тегістеу технологияларын пайланылады. 2024 жылы біз 158 мың гектарға су үнемдеу технологиялары мен суару алқаптарын енгізіп отырмыз.

 

Су саласын дамытуға $12 млн грант тартылады

Балқаш көлін сақтап қалуға шетелдік ұйымдар да атсалыспақ. Францияның даму агенттігі арнайы мастер-жоспарды әзірлеуге 1 млн 350 мың еуро грант бөлді. Ал көлдің жағасында зауыты тұрған «Қазақмыс» корпорациясы 5 млн доллар қарастырмақ. Жалпы елдегі су шаруашылығын дамытуға шет мемлекеттер тарапынан қызығушылық зор. Мәселен, Жапония Үкіметімен су тасқынына қарсы күресті ширату мақсатында 2 млн доллар грант бермек. Сондай-ақ Ислам даму банкі «Қазсушар» мекемесін жабдықтауға, өзен бассейндерін зерттеуге 3,5 млн доллар бөледі. Барлығы су саласын дамытуға 12 млн доллардан астам қаражат тартылады.

Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі

- Грант қаражаты су шаруашылығының түрлі салаларында ірі жобаларды әзірлеуге жұмсалады. Сонымен қатар шетелдік серіктестер мен халықаралық қаржы ұйымдары да сапалы талдау мен сараптаманы жиі ұсынады. Гранттардан бөлек, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде бірқатар ірі қазақстандық және халықаралық компаниямен келісімдер бар.

 

Су саласында 214 жоба әзірленбек

Қазір Су министрлігі гидротехникалық нысандар бойынша 214 жоба әзірлеп жатыр. Мұнда жаңадан салу және қолда барын жаңғырту көзделген. Су қоймаларының жалпы көлемі – 1 млрд 800 млн текше метр. Барлығы 21 су қоймасы бар. Сондай-ақ ұзындығы 4024 шақырым болатын 243 су арнасы жаңартылады. Бұл жобалар 577 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz