Биыл Шымкентте автомобиль жолдарын жаңғыртуға 90 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Жаңадан асфальт-бетон қабаты орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандарға төселеді. Ал қала ішіндегі көлік қозғалысын оңтайландыру үшін Өтегенов атындағы көше мен Республика даңғылына балама болатын жолдарды кеңейтуге басымдық берілді. Нәтижесінде Қонаев атындағы даңғылды ұзартудың бесінші кезеңі басталды. Сонымен қатар Самал-3 шағын ауданындағы Юсупова, Ізенді, Тамшыбұлақ және Жаңақоныс атындағы екі жолақты жол жиегі 15 метрге дейін кеңейтіледі. Тұран-2 шағын ауданына апаратын үш бірдей көшеге жоғары санатты асфальт-бетон қабаты төселеді. Сала мамандарының мәліметінше, биыл жол сапасының көрсеткішін 75%-тен 80%-ке жақсарту жоспарланған.
Өмір Қалыбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз жаңа жолдарды салу, оларды реконструкциялау, күрделі жөндеу, орташа жөндеу, ағымдағы жөндеу жұмыстарымен жыл сайын жұмыс көлемін арттырып келе жатырмыз. Ағымдағы жылдың қорытындысымен біз 80% жеткіземіз деген жоспарымыз бар.
Тегтер #Шымкент #жол құрылысы #жөндеу жұмыстары #реконструкцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz