Алматының балалар лагеріндегі қауіпсіздік күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ. Қаладағы жалғыз «Өрнек» мемлекеттік лагерінде полициямен тікелей байланыс орнады. Жуырда ол жерде «Дабыл түймесі» іске қосылды. Әкімдік өкілдері мұндай қауіпсіздік құралдарымен барлық білім беру мекемесі жабдықталуы қажет екенін айтады.
«SOS» жазуы бар жедел әрекет ету жүйесі лагерьдің дәл ортасына қойылды. Қауіп төнген жағдайда бір рет басса жеткілікті. Бірден Алматы қаласы Полиция департаментінің кезекші пультіне белгі береді. Бұл балалар көп жиналатын жерлерде қауіпсіздік жүйелерін цифрландырудың бір жолы.
Жанғали Әбдіпатта, балалар лагерінің тәрбиешісі:
- SOS кнопкасы – бізде балаларға, жалпы лагерімізге қауіп төніп тұрған жағдайда басылатын кнопка. Бұл жерде видео фиксациясы болады. Егер дауыс естілмей қалса, видеодан барлығын көріп отырады. Бұл тікелей Алматы қаласы Полиция департаментіне барып түседі.
Алматының Оқушылар сарайына тиесілі «Өрнек» лагері 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Олар мұнда тек демалып қоймай, білімін де жетілдіреді, жаңа дос табады. Шахмат үйреніп, шеберлік сабақтары және спорт секцияларына қатысады.
Айнамкөз Кешубаева, 3-сынып оқушысы:
- Мен осы лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Осы жақтан көп дос таптым. Маған осы лагерь ұнады. Бізге өз ұранымызды ойлап тапқызды. Сосын бізге уақытында тұрып, уақытында ұйықтауды үйретеді.
Балалар лагерьлеріне қойылатын талап мықты. Аумақ қоршалып, бейнебақылау жүйесі, медициналық пункт, өрт қауіпсіздігі және санитарлық ережелер сақталуы тиіс. Оқушылар күніне 5 уақыт тамақтанады. Қызметкерлер де мұқият іріктеледі екен.
Рафаэль Гасанов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:
- Мұнда екінің бірі жұмысқа тұра алмайды. Тәрбиешілер мен ұстаздарда педагогикалық тәжірибе болуы керек. Әр қызметкер ювеналды полициядан және сотталмағандығы бойынша тексерістен өтеді.
Алматыда 350 мыңнан астам оқушы бар. Алайда жазғы лагерьлердің тапшылығына байланысты барлығы бара алмайды. Биыл қала сыртындағы лагерьлерде 3 мың бала демалады. Қалғандары мектеп ішіндегі лагерьлерде болады. Ол жерде де ыстық тамақ беріліп, әртүрлі ойындар ұйымдастырылады.
Әсем Нүсіпова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазір балалар мүлде басқа. Олардың қажеттіліктері де басқаша. Сондықтан біздің міндетіміз — инфрақұрылымға инвестиция салу. Ол қазіргі балалардың сұранысына сай болуы керек.
Алматы әкімдігі әлеуметтік осал топтағы балалар мен ерекше білімді қажет ететін оқушыларға ерекше назар аударып отыр. Олар үшін жолдама тегін.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов
Тегтер #Алматы #жазғы лагерь #бала қауіпсіздігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz