Биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 903 мың адам жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды 24kz.
Қазірдің өзінде 100 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылған. Бұл Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасы және жұмыспен қамту жөніндегі ұлттық жобалар аясында орындалуға тиіс меже. Сондай-ақ жыл басынан бері өңірлерде жалақы артқан.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Бүгін жалақы және жұмысшыға сұраныс басым салалар жайында айтамыз. Сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген азаматтар қайда барып жүгіне алады, жұмыспен қамту бағытында қандай мемлекеттік бардарламалар бар екендігін шолып өтеміз. Ендеше, тыңдаған құлаққа алтын сырға. Алдымен, Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге кезек берейік. Биылғы I тоқсанда еліміз бойынша орташа айлық жалақы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ке өсіп, 423 133 теңгеге жеткен.
Гүлнұр Ахметқали, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
- Бұл дегеніміз, еліміздегі барлық азаматтардың жалақысы осындай деген сөз емес, бұл тек қана орташа айлық практикалық мән. Ең жоғары төленетін салаларға келсек, көш басында тау кен өндірісі, одан кейін қаржы және сақтандыру саласында, ақпарат және байланыс саласында. Бұл есептелген жалақылар қорына сыйақылар, салықтар және зейнетақы аударымдары кіретіндігін ескерген дұрыс.
Статистика сарапшысы айтып өткен жоғары жалақылы салаларға жеке-жеке тоқталайық. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласындағы жұмысшылар орта есеппен 981 мың теңге шамасында айлық алады. Ақпарат және байланыс саласында жалақының орта мәні 859 мың теңге болса, Қаржы және сақтандыру қызметінде 855 мың теңгені құрайды.
Енді өңірлерге тоқталайық. Былтырға қарағанда қай өңірлерде жалақы көбірек өсті? Әрине, мегаполистер деп топшылап отырған шығарсыз. Алайда мына деректерге құлақ түріңіз: 2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, биылғы үш айда жалақы Ұлытау облысында көп өсіпті. Яғни, онда айлық атаулы жалақы 1 жылда 119,4%-ке жоғарылаған. Осы сияқты Қостанай облысында – 114,6%-ке, Алматы қаласында– 114,2%-ке өскен. Жетісу облысында – 114,1%, Астана қаласы бойынша өсім 114%-ті құрап отыр.
Сөз басында жалпы республика бойынша жалақы мөлшерін айттық. Осы ретте жоғары жалақылы ТОП5 өңірді атап өтсек: Биылғы I тоқсанда Атырау облысында орташа жалақы 634 мың тг, Маңғыстау облысында 621 мың тг, Ұлытау облысында 599 мың тг, tлордада 563 мың тг, Алматы қаласында 518 мың тг деп тіркелген. Зейнетақы жарналары, салық сияқты тиісті аударымдар осы сомадан ұсталатынын ескерген жөн.
Биыл елде 903 мың адам жұмыспен қамтылады
Қазір елдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,6%. Бүгінде ауылдық жерлерде тракторшыларға сұраныс жоғары екен. Сонымен қатар елімізде сантехниктер, құбыр жөндеушілер, сылақшылар тапшы.
Нысанбай Сисен, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Министрлік кадрларға болжам жасау кезінде 100 ТОП мамандықты анықтаған болатын. Олар – ауылдық жерлердегі тракторшы, сылақшы, сантехниктер, құбыр жөндеушілер және білім саласындағы бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі тәрбиешілер, денсаулық сақтау саласында жалпы медициналық персоналдар. Осы салаларға сұраныс жоғары. Жаңа мамандықтар бойынша болашақта пайда болатын немесе жойылатын мамандықтар бойынша талдау жұмыстар жүргізілуде. Аталған ақпарат жыл соңында шығарылады.
Біздегі еңбек нарығына қатысты қысқа, орта және ұзақ мерзімді болжамдар жасалған. Сарапшылар 2035 жылға дейін 2 млн 900 мың жұмысшыға сұраныс боларын екшеп-есептеп отыр. Оның ішінде 812 мың жұмысшы маман қажет етіледі. Қорыта айтқанда, елімізде жұмыспен қамту бағытында 6 мемлекеттік бағдарлама іске асырлып жатыр.
Ол – «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары. Бүгінде кез келген жұмыс іздеушіге арналған «Электронды еңбек биржасы» порталы іске қосылған. Онда 56 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланған.
Тегтер #Жұмысшы мамандықтар жылы #орташа жалақы #мемлекеттік бағдарлама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz