Отандық туризмді цифрландыру керек. Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында кеңейтілген кеңес өткізді. Жиында туризм, қауіпсіздік және дәрігер құқығы бойынша ұсыныстар айтылды.
Өскемендегі келелі кеңесте азаматтардың мүддесін қорғайтын төрт негізгі бағыт талқыланды. Солардың бірі – жазғы туризмді дамыту. Жиында жауаптылар Алакөл көлінде судағы қауіпсіздіктің жоқтығын сөз етіп, Шығыс Қазақстан облысының оң тәжірибесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ отандық туризмді цифрландыру мәселесін қарастырды.
Ержан Еркінбаев, ҚР туризм және спорт вице-министрі:
- Елде спорттық және іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі бекітілген, іс-шаралар туристер келетін нүктелерде QR-кодтар арқылы қолжетімді ұлттық туристік порталға орналастырылды. Алайда кейбір өңірлерде бұл тек формалды түрде іске асқан, курорттық аймақтардың бас жоспарларын цифрландыру тек екі өңірде аяқталды. Қалғандары кестеден кешігіп жатыр.
Кеңесте жазғы демалыс, балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуы мәселелері де талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 3,2 млн бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Қазір 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 204 қала сыртындағы орталық және 17 жыл бойы жұмыс істейтін нысан қызмет көрсетіп отыр. Ұйымдастыруға 2500-ден астам студент пен 800 ерікті жұмылдырылған. Сондай-ақ жиында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесі қаузалды.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Тағы бір мәселе – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі. Елде 2019 жылдан бері аталған жайт бойынша 161 қылмыс тіркелген. Ақхалаттылар алғысқа ғана емес, нақты заңнамалық қорғауға да лайық. Осыған байланысты айдың соңына дейін медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы Үкіметке ұсынылуы тиіс.
Кеңес қорытындысы бойынша Ермек Көшербаев жазғы маусымда халықтың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Туристік инфрақұрылым мен балалар лагерьлерінің жағдайы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мен МӘМС қаражатын тиімді пайдалану мәселелері жіті назарда болады.
Тегтер #ШҚО #туризм #қауіпсіздік #Ермек Көшербаев #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz