Биыл ақмолалық 15 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьде демалады, деп хабарлайды 24KZ. Оның екі мыңына тегін қызмет көрсетіледі. Балғындарды аймақтағы 16 сауықтыру орталығы қабылдайды. 11-і жұмысын бастап кетті. Қалғаны соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Сандықтау ауданында орналасқан бұл демалыс орталығы осы маусымда 700-ге жуық баланы қабылдайды. Қазір соның алғашқы легі келіп, 100 бала демалып жатыр. Олардың қатарында жергілікті оқушылармен қатар өзге өңірлерден келген балғындар да бар.
Томирис Бекжанова, оқушы:
- Мен Астана қаласынан келдім. Маған осы орман ортасында орналасқан лагерь қатты әсер етті. Таза ауада ойнаймыз.
Еркетай Көшекпай, оқушы:
- Мен Жақсы ауданынан келдім. Осы лагерьде болғаныма 7 күн болды. Мен өзіме көп дос таптым. Осы лагерьде көптеген үйірме бар. Соларға қатысып, белсенділік таныттым.
Балаларға демалыс кешенінде ойын-сауықтан бөлек, ойлау қабілеттерін дамытатын түрлі ойын өткізіліп, сан алуан саяхат ұйымдастырылады. Бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер де ашылған. Әсіресе ұлттық құндылықтарға баса көңіл бөлінген. Лагерь аумағында 10 киіз үй тігіліп, түрлі ұлттық ойында да өткізіледі.
Арман Өмірзақов, балалар сауықтыру орталығының директоры:
- Негізі олар гаджетте отырмайды, компютерде отырмайды. Күні бойы бізде түрлі шаралар өтіп жатады. Ол балалардың денсаулығына жақсы әсер ететін шаралар. Сосын біз 5 мезгіл тамақ береміз. Витаминдер бәрі.
Аймақта тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 2 мың бала тегін демалады. Олардың жолдамасына білім басқармасынан 121 млн теңге қарастырылған. Ал қалған жолдамалар ақылы негізде ұсынылады.
Ботагөз Дүйсенова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекеттік лагерьлерде баға 40 мыңнан бастап 70 мыңға дейінгі көлемде. Ал жекеменшік лагерьлерде 90 мың мен 150 мыңның аралығында. Былтырғы жылмен салыстырғанда негізінен жекеменшік лагерьлердің барлығы сол бағаны ұстап тұр. Бағаның сондай бір керемет өсуі байқалмайды.
Бұдан бөлек, мектептердің жанынан 500-ге жуық шағын лагерь ашылады. Онда да оқушыларға танымдық шаралар мен ойын-сауық жиындары ұйымдастырылады. Жалпы қазір өңірде мектеп жасындағы 134 мың бала бар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка
Тегтер #Ақмола облысы #жазғы лагерь #мектеп оқушылары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz