Аптап ыстық басталғалы Ұлытау облысында өрт қауіпі өте жоғары деңгейге жетті.
Аймақта бау-бақша алқаптарында өрт шығу деректері жиілеген. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті. Әсіресе орман шаруашылықтарының аумағы ерекше бақылауда.
Аптап ыстық пен екпіндей соққан жел онсыз да оңазасы кепкен Ұлытауды қуырып барады. Апта басталғалы өңірде өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Құтқарушылар тәртіп сақшылары және еріктілермен бірге жеке сектор мен бау-бақша алқаптарын аралауда. Әсіресе орманды аймақтар айрықша бақылауға алынды. Қауіпті нысандарға арнайы кезекші бекеттер қойылған. Дегенмен, құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін ескертеді.
Ермек Исмаилов, облыстық ТЖД, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Біз ғарыштық мониторинг жүйесі арқылы барлық жылу нүктелерін қадағалаймыз. Қандай ма өрт қаупі анықталса, жергілікті атқарушы органдармен бірге дереу тексеру жүргіземіз. Әзірге оқыс оқиға тіркелген жоқ. Былтыр «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 11,2 гектар аумақ отқа оранды. Келтірілген залал 1 млн 840 мың теңгені құрады.
Өрт қаупі жоғары аймақтарды бақылауға департамент қызметкерлері дрон аппараттарын белсенді іске қосқан. Ол техника жете алмайтын алқаптарда өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай бақылау құралдары құтқарушыларда жақында ғана пайда болды. Өңірде төтенше жағдайлар қызметін кезең-кезеңімен қайта жарақтандыру жүріп жатыр. Әзірге автопарктің 80 пайызы жаңартылған.
Шыңғыс Сәмиев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Департамент қарамағында 100 арнайы техника бар. Қосымша 54 жаңа өрт сөндіру техникасын алдық. Жыл соңына дейін тағы 11 техника алуды жоспарлап отырмыз. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражар және Жайрем кентінде 230 қызметкерден тұратын төрт өрт сөндіру бекетін іске қосу жоспарланып отыр.
Мына әмбебап тікұшақ өрт сөндіру кезінде көптеген қызметті бір өзі атқарады. Бұл әуе көлігін Төтенше жағдайлар министрлігі департаментке таяуда алып берген болатын. Енді орман өрті кезінде жеке құрам мен жүк жеткізуге, қауіпті алқаптарды бақылауға, сондай-ақ зардап шеккендерді іздеу мен шұғыл алып шығуға толық мүмкіндік бар.
Елизавета Шалина, Арыстанбек Кенже, Гүлшахира Серікбаева
Тегтер #Ұлытау облысы #орман өрті #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz