Түркістан облысындағы оңтүстік аудандар газбен бірінші болып қамтылады, деп хабарлайды 24KZ. Себебі облыс орталығынан шалғайда жатқан Жетісай мен Мақтаарал аудандарына көмір жеткізілгенше бағасы шарықтап кетеді. Сондықтан жергілікті билік алдымен шекаралық аудандарды көгілдір отынмен қамтуға басымдық беріп отыр. Қазір Мақтаарал ауданындағы 22 елді мекенде газ құбырларын тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Қыс бойы пеш жағып, күл шығаратын Бескетік ауылының тұрғындары: «Көгілдір отынға қол жеткізетін болдық», – деп қуанып жатыр. Себебі қыстың күндері бұл ауылдарда көмірдің 1 тоннасы 25-30 мың теңгеге дейін қымбаттап кетеді. Оны біреудің қалтасы көтерсе, біреудікі көтермейді. Сондықтан тұрғындар ауылға газ құбыры тартылғанына дән риза. «Енді көмір түсіріп, отын жарудың машақатынан құтылатын болдық», – дейді.
Болат Боздақов, Бескетік ауылының тұрғыны:
- Үйдің көлеміне қарай біреу үш тонна, біреу бес тонна, біреу алты тонна, үйінде жоқ адам үш тонна жағады ғой. Қолы бос адам пеші бар үйді жылы ұстау үшін қыс бойы көмірханаға жүгіре береді. Газды әкеліп, үйдің алдына қойып қойды. Енді ішке кіргіземіз деп отырмыз. Біреу 90 мың дейді, біреу 110 мың дейді. Оны енді әкімшілік біледі, бірақ белгіленген тарифті төлейміз деп отырмыз.
Биыл мұндағы 15 мыңнан аса тұрғыны бар Достық ауылдық округіне қарасты 3 ауылға газ тарту жұмыстары кестеге сай жүргізілді. Мердігер мекеме өкілдері қауіпсіздік талаптарына сай 28 шақырым газ құбырын жер астымен тартқандарын айтады.
Әуелбек Қошаев, учаске бригадирі:
- Жер астымен жүргені ол қауіпсіздік жағынан жақсы. Толықтай жұмыстардың бәрі аяқталды. Енді тек үйдің ішіне тарту қалды. Біз есік алдына дейін апарып береміз, ары қарай әр тұрғын өзі тартып алып кетуі керек.
Бүгінгі күні Мақтаарал ауданындағы 68 елді мекеннің 46-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл аудан халқының 67% құрайды. Былтыр қалған 22 елді мекенді көгілдір отынмен қамту мақсатында республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге қаралған. Биыл соның 17-сіне сұйық отын жеткізілсе, қалған 5 елді мекенге келесі жылы тартылады.
Ғабит Полатов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Шалғайда орналасқан Мақтаарал, Жетісайға көмір тасымалдау ұзақ болғаннан кейін халыққа көмірдің бағасы қымбаттап жетеді. Сол нәрсені болдырмау мақсатында табиғи газбен бірінші кезекте қамтамасыз етуіміз керек деген тапсырма болған. Сол тапсырмаға сәйкес 2026 жылы аудан 100% табиғи газбен қамтылады.
«Биылғы жоспарға сәйкес Түркістан облысында 64 нысанға 9,7 млрд теңге қаралып, 34 елді мекендегі 38 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал келесі жылға өтпелі 26 нысанға 23,5 млрд теңге қаржы қаралу үстінде», – дейді жауаптылар. Энергетика министрлігі арқылы «Самұрық-Қазына» қоры есебінен облысқа 13 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда жыл қорытындысымен 45 елді мекендегі 84 мың халық табиғи газға қосылады деп күтіліп отыр. Нәтижесінде биыл облыс халқының 89,4% табиғи газбен қамтылмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #шалғай ауылдар #газ құбыры #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz