Түркістан облысында білім беру саласы қарқын алып келеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 29 жаңа білім ордасының барлығы 2025-2026 жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Осыған дейін облыста 13 мектеп пайдалануға берілген.
Енді қалған 16 білім ұясы биылғы тамыз айында толықтай ел игілігіне тапсырылмақ. Бұл – өңірдегі оқушы орны тапшылығын шешуге бағытталған ірі бастама.
Атакент кентінде 2 жыл бұрын 1500 орындық «Келешек мектептің» құрылысы басталған болатын. Қазір 3 қабатты нысанның құрылысы 90 пайызға аяқталған. Жаңа ғимаратта 325 орындық акт және 4 спорт залы, сондай-ақ 375 орынға лайықталған асхана қарастырылған. Одан бөлек оқу кабинеттері замануи құралдармен жабдықталады.
Қуаныш Исаев, учаске бригадирі:
- Бұл жерде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сыртқы жұмыстары бар. Олар біткеннен кейін жаңа оқу жылына дейін осы мектепті бітіреміз. Жаңа оқу жылында балалар жаңа мектепте білім алады.
Мақтаарал - Түркістан облысындағы халқы тығыз орналасқан аудан. Мұндағы 60 мектепте 29 мыңнан аса бала білім алады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданда екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бірі - Атакент кетінде орналасса, екіншісі - Үлгілі ауылындағы 600 орындық мектеп. Жаңа нысан алдағы оқу жылында тапсырылмақ. 20 мыңнан аса халқы бар Атакент кентінде бұған дейін 5 мектеп болғанымен бала санының артуына байланысты орын тапшылығы туындаған болатын.
Асанхан Қошқаров, аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Үш ауысымға өту қауіпі бар мектептердің мәселесін шешу мақсатында оқушы саны көп мектептердегі балаларды 1500 орындығы бар мектепке бірінші кезекте қамтитын боламыз. Олар сол мекептерден ауысу тәртібімен барады. Мұғалімдер құрамымен және оқушылар.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 29 мектептің құрылысы жүруде. Бұған дейін тапсырылған 10 мың орындық 13 мектепте 7 мың бала білім алды. Биыл пайдалануға берілетін 16 мектептің табалдырығын 8 мыңнан аса бала аттайды деп күтілуде. Апатты және үшауысымды мектептердің де мәелесі шешілуде.
Айгүл Қасымбекова, облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жалпы 2 үш ауысымды мектеп бар. Олардың мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешіледі. Одан бөлек бір апатты мектеп бар. Олардың мәселесі де қосымша құрылыстар арқылы шешілуде. Біздің облыста «Жайлы мектептердің» құрылысы арқылы 16 мыңнан астам орын тапшылығы мәселесі шешілуде.
Бұдан бөлек, өңірде бюджет есебінен 17 мектеп салынуда. Оның төртеуі жаңа оқу жылында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ жаңғырту бағдарламасы бойынша 41 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #мектеп #білім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz