Павлодар облысында табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Осыдан бірнеше күн бұрын соққан қатты дауыл электр желілерін үзіп, бағаналарды қиратып кеткен еді. Оқыс жағдай Қазақстанның бірыңғай энергожүйесіне де әсер етпей қоймады. Әсіресе стратегиялық маңызы бар «Солтүстік–Оңтүстік» электр тасымалдау желілері айтарлықтай зақымданды. Бүгінгі таңда барлық күш қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Павлодар облысы өткен аптаның ортасында табиғи құбылысқа тап болды. Нөсер жаңбыр, бұршақ пен қатты дауыл өңірдің инфрақұрылымына едәуір әсер етті. Тосыннан келген апаттан Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің жұмысы тұралап, Екібастұз энергия торабында электр тарату желілерінің апаттық сөнуі тіркелді. Энергетиктер дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл түрде бастап кетті.
Ералы Шынасылов, "KEGOC" АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығының директоры:
- Біз шамамен екі сағат ішінде, яғни 18 сағат 20 минутта апатты жоюды бастадық. Алдымен «Сібір-Қазақстан-Орал» транзитінде электр беру желілері іске қосылды. Содан кейін барлық тұтынушылармен қатар «Солтүстік-Оңтүстік» транзитті қостық.
Қазір дауылдан зардап шеккен үш магистраль жөнделіп жатыр. Қалғандары жұмыс істеп тұр. Қалпына келтіру жұмыстарымен жүзден астам адам айналысып жатыр. Алдағы күндері барлық инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істейтін болады.
Нұртілек Бектеміров, Павлодар аумақтық электр торабының бас инженері:
- Дауыл болғаннан кейін әуе желілерде көптеген әуе тіректері құлап, соларды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жөндеу жұмыстарында міне жүзден астам жұмыскерлер, қызметкерлері KEGOC компниясының, қырықтан астам техникалар жұмыс атқарып жатыр.
Қатты жел мен жауын-шашынға қарамастан KEGOC компаниясының бригадалары электр желілерін жөндеумен үздіксіз айналысып жатыр. Оларға жүйелік оператордың басқа аймақтағы филиалдарынан мамандар көмекке келді.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар облысы #дауыл #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz