Қарағанды облысындағы Шұбартүбек және Торанғалық курорттық ауылдарында магистралды су құбыры тартылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Биыл оған республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінген. Бұл Балқаш көліне демалуға келетін адамдармен қатар жергілікті тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік бермек.
Балқашта магистралдық су құбырын жаңғырту бойынша ауқымды жоба басталды. Биыл оның 21 шақырымы ауыстырылады. Бұл коммуналдық апаттарды азайтуға септігін тигізбек.
Қанат Әлиев, коммуналдық кәсіпорын директоры:
- Қала бойынша ескі құбырлардың барлығы 90% жарамсыз болып қалғандықтан, осы 2022 жылдан бастап күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін 44,1 шақырымы ауыстырылды. Соның 40% қала бойынша жаңа құбырмен беріліп тұр.
Жаңғырту жұмыстарына байланысты мамандар суды уақытша сөндіріп тастайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар жобаның тез аяқталғанын күтіп отыр.
Қаладағы 124 шақырым су тарату желісі келесі жылдың соңына дейін толық ауыстырылады. Онымен бірге сорғы станциясы да жаңғыртылады. Қазір нысанда трансформатор мен қосымша генераторлар орнатылды.
Жаңа су құбыры Шұбартүбек және Торанғалық курорттық ауылдарына да тартылады. Бұл елді мекендерге жыл сайын мыңдаған турист келіп демалады.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
- Қаражаты кезең-кезеңмен бөлініп келеді. Биылғы жылға да республикалық бюджеттен, облыс бюджетінен қаражат бөлінді. Өзі жалпы біздің жоба құны 8 млрд. Соның бүгінгі күні 3,5 млрд игердік. Биылғы жылы 1,9 млрд игереміз.
Жалпы Қарағанды облысы бойынша биыл 141 шақырым су құбыры жаңартылады. Бұл таза ауызсу мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақанбаев, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #су құбыры #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz