Сингапурда өткен біртұтас қоғам жөніндегі халықаралық конференцияның мақсаттары мен басымдықтары Қазақстандағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен үндес.
Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстел отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамның бірлігі мен тұтастығын сақтау – бұл тек идея емес, ол күнделікті әрі жүйелі жұмыс. Бұл тыңдай білуге, өзара құрмет пен түсіністікке, сондай-ақ ортақ игілік жолында күш біріктіруге дайын болудан басталады. Сенат Спикері Қазақстан мен Сингапурды біріктіретін ортақ құндылықтарға да тоқталды.
Сингапурда өткен конференцияға биыл 40 елден келген делегаттар қатысты. Жиын барысында көпмәдениеттілік, инклюзивтілік және қоғамдық келісім мәселелері талқыланды. Қатысушылар қазіргі геосаяси және мәдени сын-қатерлер жағдайында мұндай халықаралық алаңдардың маңызы артып келе жатқанын айтты.
Әнел Еділқызы, тілші:
- Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықаралық конференция үш жылда 1 рет өткізіледі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген саясаткерлер мен сарапшылар, қоғам және дін өкілдері бас қосып, түрлі мәселені талқылайды. Іс шараның басты мақсаты - әлемдік мәдениет пен түрлі дін өкілдерінің өзара түсіністігін арттырып, қоғам арасындағы бірлікті нығайту. Осы күнге дейін, конференцияға 2 мыңнан астам делегат қатысқан.
Әлемде сенім мен ынтымаққа негізделген дамудың жалғыз жолы – ашық әрі сындарлы диалог деді Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. Ол сонымен бірге рухани дипломатияны ілгерілету үшін ортақ күш-жігер біріктірудің маңыздылығын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жетекшісі
- Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан ел ішінде де, халықаралық деңгейде де конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етіп келеді.Дәл осы мақсатпен 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуді қолға алдық. Биылғы қыркүйекте Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII Съезд өтеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сингапур өзіндік өрлеу жолына түскен Қазақстан сияқты елдер үшін үлгі» деп атап өтті. Сингапурдың әлеуметтік ұйымшыл және біртұтас көпмәдениетті қоғам құру жолындағы жетістігі кездейсоқтық емес. Бұл пысықталған дәйекті саясаттың нәтижесі.
Бұл пікірмен шетелдік саясаткерлер де келісіп отыр. Сингапур парламентінің депутаты Тин Пэй Линнің айтуынша, Қазақстан да, Сингапур да әлеуметтік бірлікті ұлттық тұрақтылық пен өркендеудің басты негізі ретінде қарастыратын мемлекет.
Тин Пэй Лин, Сингапур парламентінің депутаты:
- Қазақстан аумағы кең, этностық құрамы әр алуан ел. Сингапур да сондай. Екі елде де үйлесім мен қоғамдық келісім бар. Біз ұлттардың мәдениеті мен сеніміне құрметпен қараймыз және бұл құндылықты сақтап, ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Сингапур конференциясы жүйелі жұмыс пен өзара келісімнің нәтижесінде ғана әлеуметтік біртұтас қоғам қалыптасатынын көрсетті. Бүгінгі басқосу мемлекеттерге тәжірибе алмасып, ортақ құндылықтарды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар
Тегтер #Мәулен Әшімбаев #қоғам қайраткері #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz