RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысындағы 98 ауылда соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген

26.06.2025, 22:14 342

Ақмола облысындағы Шуйское ауылында соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – елді мекен тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторының бірлескен жұмысының нәтижесі. Ауылда 2023 жылы «Зиялы қауым» жобасы аясында ақсақалдар кеңесі құрылған. Қазір олар қоғамдық тәртіпті қадағалауға көмектеседі. Ал, жастар спортпен шұғылданып, өнерге бет бұрған.

Еркебей Байжігітов – Шуйское ауылындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Ол күнделікті жергілікті учаскелік полиция инспекторымен бірге рейдке шығып, жастармен кездеседі. Ауылдағы қауіпсіздік қамтамасыз етуге атсалысады. Жақында ақсақалдың осы еңбегі еленіп, Президент қолынан марапат алды.

Еркебай Байжігітов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Біз кез келген бұзушылықтың алдын алуға тырысамыз. Әсіресе, жастарға баса көңіл бөлеміз. Олармен көбірек кездесіп, ақылымызды айтамыз. Күні кеше елорда төрінде өткен үлкен салтанатты жиында Мемлекет басшысы біздің ауылдың атын ерекше атап, маған алғыс хат табыстады. Бұл марапат біздің бірлескен жұмысымыздың жемісі деп білемін.

Ауыл тұрғындарының дені жергілікті серіктестікте жұмыс істейді. Ал, жастар бос уақытын осы спорт кешенінде өткізеді. Спорт нысаны ауылды жерде орналасқаны болмаса, ішіндегі тіршілігі қаладағыдан кем емес. Яғни, көптеген спорт үйірмелері мен жаттығу залы бар.

Татьяна Садуақасова, Шуйское ауылының тұрғыны:

- Біздің жастардың бәрі бос емес. Тіпті 18 жасқа толмаған балалардың өзі серіктестікте тәжірибе жинап, 4 сағат жұмыс істейді. Сәйкесінше, ақылы түрде. Қалған уақыттарын спорт кешенінде өткізеді. Жазда футболмен шұғылданса, қыста ойнайды.

700-ден аса тұрғыны бар ауылда жаңа мәдениет үйі мен орталдық саябақта бар. Көшелердің бәріне бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл учаскелік полиция инспекторына ауылдағы тәртіпті бақылауға үлкен көмек.

Бағдат Өтеуов, учаскелік полиция инспекторы:

- Ауылда 200-ден артық бейнекамера орнатылған. Олар бәрі менің ұялы телефоныма шығарылған. Әкімшілік бұзушылық болса, біз камерадан қарап отырамыз. Халық: «Мына жерде бұзушылық болды», - деп айтса, біз бірден камерадан қарап, сол жерге барып, анықтаймыз.

Қазір «Зиялы қауым» жобасы 142 ауылда жүзеге асып жатыр. Соның 98-інде соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Сонымен қатар, 35 ауыл ащы судан бас тартты.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz