Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа 89 мектеп салынбақ.
Қазір 61 нысан қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін олардың саны тағы артпақ. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысына да қаржы құйылып жатыр. Ол қандай мекемелер?
Бұл мектеп 2024 жылдың басында қолданысқа берілген. Қазір мұнда екі жарым мыңға жуық бала білім алып жатыр. Олардың ішінде ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер бар. Сондықтан бұл балғындарға арналған емдеу-сауықтыру кабинеттері де жасақталған.
Руслана Капарова, №97 мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Мектеп бір жылдан аса уақыт қолданыста болды. Мектебімізде 250 орындық акт залы, 400 орындық асхана, 58 пән кабинеттері бар. Сонымен бірге кітапхана бар 310 орындық. Заманауи үлгідегі кабинеттер. Қазір кабинеттердің барлығы интерактив тақтамен, әлеуметтік желімен қамтылған.
Бұл білім ордасы жемқорлардан қайтарылған қаражатқа салынған. 2022 жылдан бері 1 трлн 152 млрд теңгеден астам актив мемлекет меншігіне өтті. Оның ішінде 670 млн доллардан астамы немесе 300 млрд теңгедей қаражат шет елдерден қайтарылған.
Данияр Биғайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Білім қорына 153,3 млрд теңгеден астам ақша құйылды. Оның аясында 89 мектеп салу жоспарланды. Ол 89 мектептің 61 қазіргі таңда салынып, білім беру саласына берілді. Олардың 29 ауылдық жерлерде, шалғай жерлерде орналасқан. Оның аясында 25 мектеп биыл салынатын болады.
Қайтарылған активтер қатарында бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, сауда орындары, тұрғын үйлер, пәтерлер, құрылысы толық аяқталмаған нысандар, жер учаскелері, люкс санатындағы автокөліктер де бар. Ол нысандар әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға жұмсалып жатыр. Мәселен, Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған мына зәулім сарай қазір ерекше балалармен жұмыс істейтін орталыққа айналған.
Гүлмира Кемел, 1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы:
- Сегіз бағытта жұмыс жасаймыз. Сөйлеу, тежелудің дамуы, сосын психикалық тежелу болады. Аутизмге шалдыққан балалар, Даун синдромы, тағы іс-қимыл бұзылыстары бар балалармен жұмыс істейміз. Реабилитация өткіземіз. Психологиялық-педагогикалық консультация береміз. Және сабақтар өткіземіз.
Сонымен қатар қайтқан активтер медициналық мекемелер мен инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын жүргізуге пайдаланылады.
Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов
Тегтер #қайтарылған активтер #мектептер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz