Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 400 бала «Туған елге саяхат» лагерінде демала алады, деп хабарлайды 24kz.
Олардың алғашқы легі ірі кәсіпорындарға кәсіптік бағыттағы саяхатқа аттанды. Балалар 5 қаланы пойызбен аралайды.
Жобаны «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бірлесіп жүзеге асырады.
Жүздері балбұл жайнаған бұл балалар ерекше сапарға аттанғалы тұр. Жүрдек пойыз оларды Астана, Екібастұз, Балқаш, Түркістан және Алматы қалаларына апарады. «Туған елге саяхат» лагерінің жетінші маусымы жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылды. «Самрұқ-Қазына» компаниялар тобының атынан жобаны ұйымдастырушыларының бірі – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры. Олар бүгін 200-ге тарта жас саяхатшыны жайлы сапарға шығарып салды.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жоба арқылы сіздер Қазақстанның ең ерекше жерлерін, қалаларын көресіңдер. Одан басқа біздің еншілес компаниялардың өндіріс нысандарын көресіңдер. Бұл жоба арқылы біздің құндылықтарымызды сіздерге насихаттаймыз.
Лагерьдің алғашқы легіне ірі кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың балалары, оқу озаттары мен жетім балалар іріктеліп алынған. Олар робототехника бойынша STEM курсынан да өтеді. Сондай-ақ өндіріс орындарында кәсіби бағдар алу мүмкіндігіне ие.
Айбар Асқар, оқушы (Алматы):
- Бұл жерде робототехника саласын үйретеді екен. Менің бұған алғысым шексіз. Себебі мен Алматы қаласында көптеген үйірмеге қатысам, соның бірі – робототехника. Сол робототехника саласында тәжірибе жинап, жарыстарға қатыса алам.
Лагерьдің бірінші ауысымы 4 шілдеге дейін жалғасады. Екіншісі 24 шілдеден 3 тамызға дейін өтеді. Бас-аяғы 400 баланы қамту көзделеді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен
Тегтер #балалалар #лагерь #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz